тұр. Қаланың әлдеқайда бір шетінен кезекші автобустар мен трамвайлардың гүрілдеген үні ауық-ауық естіліп қалады. Көше аралап сайраңдап жүрген сылқым самалдар оқтын-оқтын қарсы кездесіп, беттен аймалап өтеді. — Біз қайда барамыз? — дедім үйден біраз ұзаған соң. — Алысқа емес, осы маңайда-ақ сөйлесерміз. Немене, сен асығып келемісің? — Жо-жоқ, ертең демалыс. Сізбен таң атқанша сөйлесуге дайынмын. — Міне, бұл тіптен тамаша! — деп Сафура дәл бұрынғысындай сыңғырлап бір күліп алды. — Мына көпірдің ар жағындағы скверге барып отырайық. Скверге жеткенше бір-бірімізге тіл қатпадық. Оңаша сәкіге кеп отырған соң да бірнеше минутқа дейін сөз тиегі ағытыла қоймады. — Ой, бүгін табиғат қандай тамаша! — деді ол әлден соң аспанға қарап. — Иә, өте тамаша, — дей салдым айтылар әңгіменің бұл емес екендігін аңғартып. — Біз көп кешігіп қалармыз. «Солай ма» дегендей Сафура жүзіме бір қарады да қайтадан үнсіз қалды. Аспанға тағы бір қарап, білдірмей ғана ақырын бір күрсінді. Сонан кейін екі қолын тараштап, желкесіне қойды да, сәкіге шалқалады. Сол қалпы ұзақ отырды. Әлден соң: — Сапар, сен маған сұрақ қойшы, — деді жай ғана. — Есітіп отырсың ба, сұрақ қойшы деймін. — Сұрақ? Менің сізге қояр сұрағым жоқ. — Ешқандай да сұрағың жоқ па? — Ешқандай да. — Онда мен секілді аспанға қарашы. — Ол жақта сұрақ көп пе екен? — Айтшы, сонау көз ұшында жымыңдаған жұлдыздар мәңгілік пе? — Мәңгілік делік. Оның бұл араға қандай қатысы болуы мүмкін? — Иә… Ол жұлдыздар мәңгілік! Олар мәңгі жасайды.Бұдан сан миллиард жылдар бұрын тап осылай жымыңдап тұрған, әлі тұр. Бұдан кейін де тұра бермек. Олар сан жетпес ұлы оқиғалардың куәсі. Ой! Олар қандай бақытты еді шіркін! Ал, біз ше? Елу жыл, мейлі, жүз жыл бола-ақ қойсын, тіпті кісі күлерлік үлес емес пе? — Ол иығын бүлк еткізіп, миығынан күліп қойды. — Елу жыл! Кейбіреулер аспан астындағы тіршіліктің қыры мен сырына қанықпай жатып-ақ қыршын кетеді. Елу жыл! Бұл не? Міне, мына жапырақтар төбемізден төгіліп тұр. Елу жылда осындай жапырақтарды елу-ақ рет көресің, елу-ақ рет қар басасың. Сол да үлес пе? Адамға келгенде жомарт табиғат қандай сараңдық жасаған еді! Ал жұлдызда-ар!.. — Ол тағы кұрсінді. — Олар бақытты!.. — Сіз қайдағыны айтып қайғырмаңыз, Сафура апай. Сонау көктегі жұлдыздарда неміз бар, жердегі тіршілікті әңгіме етейік те. Ол бұл жолы менің «Сафура апай» деген сөзіме көңіл бөлген жоқ. — Сен сонша неге асығып отырсың? Мен саған бұл түнде тек жұлдыздар жайлы ғана айтқалы оңаша шығып отырған жоқпын, жердегі өмір жайлы — өз өмірім жайлы сырымды ақтармақпын. «Бұл қалай
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53