СҮЙЕКШІ

Желтоқсанның ызғарлы күндері де басталды міне. Суық түсіп, даланы қырау көмгелі Үндеместің сарыбы қайта қозып, сүйек-сүйегі сырқырап, кей күндері күн шыққанша жылы төсегінен тұрғысы келмей жатып алатын болды. Өзінің анадан шыр етіп туып, азан шақырып қойған аты Тұңғыш болса да, былайғы жұрт оны ауыз ашпас тұйық мінезіне қарап Үндемес атап кеткен-ді. Бұл қосалқы ат өзіне қашан тағылды, кім тақты — ол жағын ешкім де, тіпті, Тұнғыштың өзі де білмейді. Осы бір кіші-гірім шаһарға ол қашан келді, қайдан келді — оны да сұрап-біліп жатқан бір жан жоқ, бар білетіндері — жалаңаш денесіне киген түйе жүн шекпені қысы-жазы үстінен бір түспейтін қушиған молашы шал. Өзгелерге ол тек мола қазумен ғана күн көріс жолына түскен бір бейбақ боп қана елестейді және осы бір кәсіпті тағдыр оның маңдайына өшпестей етіп жазғандай, анадан туғанда басқалар секілді би, болыс болуды емес, молашы болуды көксегендей көреді. Ол жасының нешеде екенін де білмейді, есептеп те көрген жоқ. Бұл жарық дүниеде аз жасады ма, көп жасады ма, рахат көрді ме, бейнет көрді ме, бағы ашылған ба, соры қайнаған ба, бұл жағын да ойлап-толғамайтын секілді. Мынау қан базардай құжынаған адамдар тіршілігінде дәулет бар, мансап бар, талас бар, тартыс бар, қайғы бар, сүйініш бар-ау деген сезім оның миына ешқашан кіріп-шыққан емес. Ол ештеңеге қызықпайды, ештеңеге жанталасып ұмтылмайды, еш уақыт опынбайды. Ертемен тұрып қолына кетпені мен күрегін, сүйменін алып, қала сыртындағы қорымға қарай ілбиді. Келген бетте сол баяғы бір қалыпты қимылмен жайбарақат жер қазуға кіріседі. Өзекті жерде өлім бар, бұ қаладан күніне екі-үш адам ақырет сапарға аттанып тұрады. Бұған ол да әбден үйреніп алған. Күніне қазатыны үшеу, әрі кетсе төртеу. Азаннан кешке дейін осы қимылмен-ақ бітіріп тастайды. Сонан соң әр молаға өзі жатып көріп, тар болса үңгіп, белгісіз марқұмға іштей «иманды бол» айтады да, үсті-басының шаңын қағып, ымырт үйіріле үйіне қайтады. Мұны шаһардағы көп адам біледі, ал бұл олардың бір де бірін танымайды. Бірақ, мұны білетіндердің ешқайсысы осы бір адамның өзгелер сияқты қайғы-қуанышы, күйініш-сүйініші, мұрат-мақсаты бар болар-ау деп ешқашан ойлаған емес. Білетіндері сол баяғы Үндемес қана. Өзгелер үшін бұл ауырмайды, сырқамайды, қатын-балам болса екен деп тәңірден тілемейді де, осылай ілбіп жүріп ақырет сапарға аттанғандардың ақтық орнын екі-үш күн бұрын дайындай береді. Және кім болса ол болсын хан ба, қара ма, мүсәпір ме, кісәпір ме, жас па, кәрі ме — оған бәрі бірдей. Қара жер бәріне жетеді, тек марқұмның артында қалған ағайын-жұрағаты қалай дейді, бұл солай етеді. Онысына алақан жайып ақы да сұрамайды, кім не берсе соны алады, аз берсе налымайды, көп берсе

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35