ағайды итеріп тастап, Смағұлға ұмтылды. Құлахмет ағай тәлтіректеп барып, бір қолымен қабырғаға сүйеніп әзер құламай қалды. — Смағұл, бол, жинал тез! Жүреміз! — Жүреміз?.. Сафура, жаным-ау, ол не дегенің? — Қайда жүрмексің? Сапар, Смеке… түу, Смағұл Толыбаевич, айтыңыздаршы, ол қайда жүрмекші? — Құлахмет ағай Смағұлдың қарсы алдына кеп, одан көз алмай тұрып қалды. Смағұл жауап беруге тайсалып, теріс айналып кетті. — Сафураш-ау, сен сырқаттанып тұрсың ба? Жүрейік дегенің қалай, қайда жүрмексің? Отырсаңшы, демалсаңшы сәл ғана. Мен сендерге арнап балдай тәтті қызыл алмалардан жұлып қойып едім ғой. Ол ескіріп кеткен болса тағы да жұлып әкелейін. Оның маған ешқандай да қиындығы жоқ. Мен ағаш басына өрмелеп шығамын да… жоқ-жоқ, менде алма жұлуға арналған саты бар екен ғой, міне қазір!.. — Ол сарайға сүйеулі тұрған сатыны бір қолымен қолтығына қысты да, мықтап ұстау үшін жоғары сілкіп-сілкіп қалды. Сол кезде мен оның қасына келіп, қолындағы сатысын ұстадым. — Құлахмет ағай, түн ішінде әуре боп қайтесіз? — Жо-жо. Айттым бітті. Мен алған бетімнен қайтпаймын. Жібер, жібер, мені Сапар!.. — Құлахмет, жетер енді. Алманың бізге қажеті жоқ!.. — Сенің… сенің денің сау емес шығар, Сафура! Үйге келген қонақты сыйласаң етті… — Ол қонақ емес. — Мәссаған, сөзіңе болайын сенің. Сонау жер түбінен келіп отыр, ол қонақ емей мен қонақ боламын ба? Айтыңызшы, Смағұл Толыбаевич, солай емес пе? Смағұл болар-болмас қана басын изеді де, жанарын одан тез тайдырып әкете қойды. Оның жүзі бірде сұрланып, бірде қызарып, саусақтарының дірілдеп тұрғанын байқап қалдым. — Айттым ғой мен саған ол қонақ емес деп! О, сорлы ол… ол менің күйеуім!.. Естідің бе, жетті ме енді, ол менін күйеуім!.. Сафура қолымен бетін басып, теріс айналды. Құлахмет ағай тас мүсінше қатты да қалды. Екі көзі шарасынан шығып, жоғары қараған қалпы қалшиып тұр. Өлі тыныштық. Мұнан әрі қымс етіп үн шығаруға ешкімнін батылы жетер емес. Сәлден соң Құлахмет ағайдың қолтығындағы саты дүрс етіп жерге түсті… «Мейірімсіздік қой, жүрексіздік қой бұл, Сафура, — деймін іштей. Тым болмаса Құлахмет ағаймен айырылысудың мұнан өзге жолын таңдасаң етті. Мейірімсіз, тас жүрек!» Даусымның шығып кеткенін байқамай да қалыппын. — А-а, сен бірдеңе дедің бе Сапар? Тас жүрек? О не деген сөз? Алжыған миды қойсайшы бұл! Сен, Сафура-ау, әлгінде не дедің? Иә, күйеуім деген екенсің ғой. Жөн-жөн… Смагұл Толыбаевич, кешірерсіз, қайдан білейін мен… Сізді жай қонақ екен деп… Айтпақшы, қазір жүресіздер ғой. Әрине, кететін болған соң, ертерек кеткен дұрыс… Апырмай, тым құрыса бір күн қонып кетпей. Асығыссыздар ғой. Әлбетте, бұ күндегі адамның бір минут артық уақыты бар дейсің бе? Ал,
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53