деді күбірлеп. — Бұл күнде жұрттың бәрі ақылды, бәрі данышпан, ақымақ боп жүрген тек мен ғана. «О, сорлы, аласұрып нең бар еді қартайғанда жар іздеу не теңің» деп сен де күліп тұрсың ғой. Мейлі, күле беріңдер. Мен сияқты ақымақтар болмаса толып жүрген ақылдылар ішқұса боп жарылып өлер еді. Бірақ, мен солардың бәрінен де адал, ақ бола алар едім. Қайтемін, осылай боп шықты… — Қойыңыз, үйге баралық. — Жоқ. Мен төркініме кетемін. Нәзікетім сағынып қалған шығар. Сен мені кешіргейсің. Бір білместік өтті, сайтан азғырған шығар. Қазір соның бәрі есіме түссе ұяттан жерге кіріп кете жаздаймын. Сафура орнынан тұрып, чемоданын қолына алды. — Бір жағдай болса хат жазармын. Шығарып салмай-ақ қой, Құлахметке бар, ол жалғыз қалып еді ғой… Қош, қош бол.. Ол менің қолымды алып қоштасты. — Тез хат жазыңыз, Сафура апай. Біз сізді сағынамыз ғой. Қош боп тұрыңыз! Сафура кілт бұрылып, ширақ адыммен ілгері қозғалды. Мен терең бір дем алып, үйге қарай беттедім. Құлахмет ағай төсекте жатыр екен. Мен кіріп келгенде «Кетті ме?» деді. — Иә. — Бірге кетті ме? — Жоқ. Бір кезде ол орнынан атып тұрып, қабырғадағы шегені сипалай берді. — Сапар-ау, менің… Нәзікетімнің суретін де алып кетіпті ғой. Балапаным, жарығым менің! Енді сенің суретің де бұйырмады-ау маған! Менің Сафурам ондай ессіз емес еді ғой. Көр де тұр, ол барған соң суретті қайта салып жібереді, осы айтқаным дәл келмесе қарап тұршы!.. Ол кереуетке қайта жатты. Сафура, Нәзікет жайлы тынымсыз сөйлеуде, сөз арасында бір-екі жөтеліп қалды да, менен темекі сұрады. Оған сигарет ұстатып, сіріңке жағып еңкейгенімде көз жасының көл болып, жастықты жуып жатқанын көрдім… * * * Осылайша біз төрт бөлмеде екеуден-екеу қалдық. Мен бұрынғыша ерте кетемін, кеш келемін. Күз өтіп, қыс лебі білінген сайын күн де қысқара түсіп, кей-кезде ымырт үйірілгенде бір-ақ ораламын. Құлахмет ағай қатты өзгерді. Ол кейде ұзақты күнге бір тіл қатпай түнеріп жатады да алады, кейде түннің қай мезгіл екеніне көңіл де бөлмей көрпесі өртенгендей орнынан ұшып тұрып, үй ішінде әрлі-берлі жүре бастайды да, тоқтаусыз сөйлей жөнеледі. Оның не айтып, не қойып жүргенін айыра қою да қиын, бірді айтып, бірге көшеді. Құлахмет ағайдың жүрек ауруы қайта қозып, жиі-жиі төсек тартып жатып қала беретін болды. Мұның үстіне, оң жамбасында қалып қойған оқ күн суытқан соң кеселіне кесел қосып, кіріп-шығуына да мұршасын келтірмей тастады. Дәрігерлер операция жасамақ боп талай әрекет еткен, бірақ, оң аяқты жамбастан кесіп тастау өзі сырқат адамға қауіпті болғандықтан, онсыз да он екі мүшесі түгел емес адамды бір аяқтан тағы айыруға тәуекел ете алмады. Және
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53