деген мұңлы сезім бір минутқа болса да көңілін жабықтырмасын деп, оның қасына жетіп келдім де: — Сафура! — дедім. Ол жалт қарады да, мені көріп құшақтай алды. — Амансыңдар ма әйтеуір? — Иә-иә, аманбыз. Өзіңіз жақсы жеттіңіз бе? — Қалай болса да жеттім ғой әйтеуір. — Келгеніңіз қандай жақсы болды, Сафура! «Келемін» деп хат жазғаныңызда жүрегім жарыла жаздады. — Рахмет. Өз жұмысың қалай? Әке-шешең қуатты ма? — Құдайға шүкір, бәрі де жақсы. Жүріңіз, такси тосып тұр. Мен оның қолынан чемоданын алып, таксиге беттедік. Сафура былтырғыдан көп өзгермеген екен. Азап пен сергелдең құшағында жүрсе де, әдемі сымбаты мен жарасымды күлкісі жоғалмапты. Біз таксиге қатарласа отырып, дәл былтырғы оны аэропортқа шығарып салғанымдай заулап келеміз. Ауық-ауық оған көз қиығымды тастап қоямын. Ол қалың ой құшағында. Әрине оның ішкі дүниесінде алай-дүлей дауыл соғып тұр. Өзін қалай жақсы ұстай біледі десеңші! Біз үйге келгенде Құлахмет ағай өз бөлмесінен шықпай жатып алды. Ақыры екеуміз бөлмесіне кіріп, үнсіз жатқан оның қасына бардық. Сафура болса көзінен аққан ыстық жасын сүртуді де ұмытып кеткен, үн шығармай жылап тұр. Осылайша екеуміз ұзақ тұрдық. Бұл азапты, өлі тыныштықты Құлахмет ағай бұзып, әйеліне тұңғыш рет тіл қатты. — Нәзікет… Нәзікет қайда? — Оқуын бітірсін деп… тастап кеттім… Құлахмет ағайдың көлкілдеген көз жасы көбесіне сыймай самайға ағып, жастыққа тамшылады. Жылап жатқанын өзі де сезген жоқ. Сегіз айға созылғанмен ғасырдай боп көрінген айырылысудан кейін ерлі-зайыпты екеуі осылай жүздесті. Осы сегіз ай бойы көзден аққан ыстық жас Сафураның алдамшы, өзімшіл қасиетпен астасқан ойларын жаңбырдай жуып, ішкі дүниесіндегі адамдық ар мен адамдық сезімдерін жаңғыртып өтті. Ол өз арымен жекпе-жек арпалысып, отыз сегіз жыл ғұмырының ішінде осы сегіз айда өмір сүру дегеннің не екенін, адамшылық қасиет пен адамшылдық парасаттың барлық-барлық мақсаттардан әлдеқайда биік, әлдеқайда асқақ жататынын ұғынды. Ендігі оның қалған өміріндегі жұбанышы да, тірегі де осы болмақ. Қамшының сабындай ғана қысқа өмірінде адам баласы жер бетіне мысқалдай болса да қайрымдылық пен ізгілік ұрығын қалдыратын болса, мәңгілік көз жұмар сәтінде де өткен өміріне, кеткен ғұмырына көңілі қанағат етіп, о дүние табалдырығынан уайымсыз, алаңсыз аттайтынына көзі жетті. Кеш болса да ол осыны ұғынды.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53