ТІРШІЛІК

ШАЛЫ

Қырсығына алса айлап соғатын Арыстанды-Қарабастың долы желі бүгін үшінші күн, толастамай қақап тұр. Кейде ол наурызда басталып, сәуірде бір-ақ тыншу табады. Жер қарайып, үт кірген соң-ақ қыбыр-қыбыр етіп жапа-тармағай көктемгі егіс қамына кіріскен барша жұрттың апшысы бидайдай қуырылып, тоқшылықта ұмытқан жаратушыны күн сайын мың мәртебе еске алып, бұл қырсықтың көпке созылмай тез бітуін тілейді. Табиғат қырына алды екен деп тірі пенде қарап жатқан ба, ұйқыларынан көз ашысымен-ақ сыртқа құлақ түреді, құлақ түреді де тамның бұғат қамысының дәл кешегідей өзегіңді тырналар мазасыз шуылын естіп, іштерінен «и, тоба-а» деп бір күрсініп, тіршілік қамына бәрібір кірісіп кетеді. Үйінен кеше түсте шығып кеткен Киеван түн жарымы ауғанда ғана қайтып оралды. Кемпірі әлі ұйықтамапты. Ондық шамның түбінде сығырайып мәсісінің тесілген өкшесіне тері жамап отыр екен. Даладағы желдің гуілінен бе, әлде жалғыз отырып қиял тұңғиығына шомғаннан ба, ол шалының үйге кіріп келгенін де сезген жоқ. Киеванның: «Нағып жатпағансың?» деген ақырын шыққан даусының өзі жалғыздыққа ұйыған денеге қырық жуалдыз сұққандай әсер етіп, кемпірі «көтек» деп баж ете қалды. — Өшір үніңді! Сонша қорыққаны несі? Кемпірі қолынан ұшып түскен жосамен боялған терінің пұшпағын сипалап тауып, шалына аңырая қарады. Өзі көрмеген бір күннің ішінде Киеванның төбесімен паруаз тірейтін ұстындай бойы одан сайын ұзарып, екі жағы шалғы қайраған құм қайрақтай суалып, көзі шүңірейе түсіпті. Етегі мәсісінің қонышын иіскеген сырма шапан қарсы желге қамзау бола алмаған ба, бет-жүзі етікшінің пышақ жанитын қайысындай қарайып, түтігіп кетіпті. Әлгі үрей атаулыдан біржола бойы тазарған кемпірі өзіне сүзіле қарап тұрған шалына: «Не болды, жазған-ау? Таптың ба?» — деді. Киеван еңкейген кеудесін кейін тартып қолындағы кенеп дорбасын төрдегі көрпешеге лақтырып жіберді. Кенет дорба саудыр ете қалды. — Шай қой. Кенет дорбаның саудыр етуі мен шалының «шай қой» деуінен кемпірі бұл жолы оның құр қол емес екенін аңғарып, шай қамымен лып етіп дәлізге шығып кетті. Киеван кебісі мен шапанын шешті де, төрге барып сұлық түсті. Сүйек-сүйегі сырқырап, басы айналып барады. Кешеден бері жамбасының көрпе иіскеп отырғаны осы ғана. Сөткеге созылған жүрістен әбден қалжырап, ақ табан бопты. Көкнәр іздеп екі-үш колхоздағы алыс, жақын таныстарын түгендеп шыққан. Ешкімнен табылмады. Жұрттың бәрі қу боп кеткен бе, шаруақор пысық боп кеткен бе, әлде, өзгелер ақылына ақыл қосып, жалғыз бұл ғана шапанының етегі делектеп мағынасыз тіршіліктің соңына ессіз түскен бе, «осы көкнәр ішуші еді ғой» деген үмітпен барған көз таныстарының бір де бірі ол пәтшағарды әлдеқашан ұмытқан боп шықты. Бас сұққан үйінде аз-кем құйрық басып, басқалар тамсанып ішіп отырған үнді шайынан бір-екі ғана ұрттап, үй иесімен жөнді сөзі де жараспай кесесін

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61