СҮЙЕКШІ

берген боп шығатынын ойлап, «маған керегі мал болса, саған керегі жан екен, сен жанды қиғанда мен неге малды қимаймын, кімді кім жеңер екен, жата бер солай» деп ол да Қомшаның артынан екіншілей кісі жібертпей қырсығып, ол қырсықтығы сырттай да, іштей де ызаға айналып, тым-тырыс жатып алды. Ең бастысы, көз ашқалы жайлауға таласып, ала көз боп келе жатқан және осыдан үш жыл бүрын қырық шақты жылқысын барымталап алып кетіп, көрер көзге зорлық жасаған менмен Шерәліге «пісіріп жесеңдер де мейілдерің» деген өз аулының баласын апарып беріп әлсіздік көрсеткісі келмеді. Қайыршысы түгілі қасы болса да бала сол ауылдың баласы ғой, оның мейірімсіздігі мен қатыгездігіне жұмсақтық жасап, тағы жеңілмек пе? Жо-о-оқ, ол бола қойма-ас! Күтіп бағармын, келмесеңдер, жарық дүниеде малай боп өткендер аз ба, бұл да солардың бірі боп жүре берер». Жерге алғаш қар түскенде Шерәлі ауылынан хабар да жетті. Жан түршіктірер суық хабар. Арқа сүйер дәулетті ағайын-туысы жоқ Қомша байғұс жар құлағы жастыққа тимей, қайтсем баламды қолыма аламын деп зыр қағып жүріп зорығып, басқа бір бай ауылының құдығын қазып жатып, сол құдықтың түбінде мәңгілік көз жұмыпты. Мұны естігенде Доскей селт ете түсті. Өзгелерге сыр білдірмей түйіліп біраз отырды да, жұмған аузын ашпаған бойы орнынан тұрып кетті. Тек шығып бара жатып, үнсіз отырған басқаларға жайлап бұрылды да: «Мұны балаға айтпай-ақ қойыңдар» деді. Босағадан сыртқа аттай бергенде аманат бала қарсы ұшырасып: «Ата, көкем келе ме?» деп жәудірей қарады. Доскейдің ішкі дүниесін әлдеқалай бір сезім аралап өтіп, тұла бойын ду еткізді. «Жоқ, бұлай тұра беруге болмайды, кәрі көзге сенім бар ма, жас шығып кетіп жүрсе… Сорлы бала, — деді ішінен, енді сені қайтсем екен?» «Иә, жақында кеп қалар» деп айтқалы аузын аша бергенде өзімен ілесе шыққан үлкен ұлы: «Атаңның басы. Әкең мүрдем кетті», — деп қойып қалды. Доскей жалт бұрылып, баласына оқты көзімен ата қарады. «Мұншалықты тас жүрек боп туылармысың» деді ішінен. Сөйтті де, шырқырап жылаған баланың дауысын естігісі келмей, ауыл сыртына қарап тез-тез басып жүріп кетті. Қолындағы қамшысын қыса ұстап келеді. «Қайдан білейін. Тірі жанға мал табылар деп ем, жанашыры жоқ жалғыз екен дә. Бүйткенше абақтыға айдатқаным жөн екен-ау. Сорың құрғыр сор бақта…» Дәл желке тұсынан дүсір естілді. Қуып жеткен баласы екен. —Әке, мұныңыз не? — деді ентігіп. —Не боп қалды? —Жау алдына өзіңізді жығып бергелі жүрсіз бе? —Жау кім? —Шерәлі. Кеше малымызды барымталады, бас көтеріп кек қайтара алмадық. Туысымызды өлтірді, тағы отырмыз аманат құнын ала алмай. Ертең кеп шаңырағымызды ортаға түсіріп, от басын ойран етеді. Сол ма енді жетпегені? —Сонда не істе дейсің маған?

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35