СҮЙЕКШІ

—Жұмсақтықты қойыңыз. Әкесі бауырымызды өлтірген баланы еліне қайтарып, тағы масқара болғалы жүрсіз. Сіз кешірсеңіз де, інімнің әруағы үшін мен кешпеймін. Ертең құлағына ен салып, мал соңына жібертемін. Өйтпесек, жұрт алдында абыройдан жұрдай боламыз, ел бізді тыңдаудан қалады. —Солай де. —Солай, әке. Әлгі отырған кісілердің бәрі сіздің бұл мінезіңізге наразы боп қалды. —Мейлі, білгендеріңді істеңдер. Бірақ, баланы ұрып-соғушы болмасын. Ол бейбақтың күнәсі жоқ. Ен саламын деген есерлігіңді қой, аманат бала екенін онсыз да танырмыз. Сөйтіп, Тұңғыштың Тұңғыш аты жойылып, Аманат бала атанды да, он жасқа жетер-жетпес шағында малай боп мал соңына түсті. Бір жыл ішінде ол өз атын өзі ұмытып, «атың кім?» десе «Аманат» деп жауап беретін болды. Мейірімсіз тағдыр түк таппағандай бейкүнә, дәрменсіз баланы осылайша тумай жатып тәлкекке айналдырды. Бой-бой боп терлеп кетіпті. Жамбасының шаншуы қойған-ау, шамасы, сол жақ қырына аунап түскенде де ауырсынған жоқ. Сәл салқындайын деп бетін ашты. Жылыға үйреніп, терлеп жатқандықтан ба, суық ауа мірдің оғындай арғы-бергісінен өтіп, қарып түсердей болған соң киізді қайта жаба қойды. «Жастығы құрғыр тағы түсіп кеткен екен-ау, — деді ішінен. — Әйтпесе, мұншалықты ызғар соға қоймас еді. Мейлі, түсе берсін. Орнымнан тұрсам тер қатып, тағы бір арылмас бәлеге душар болармын. Ұзамай таң да сыз беріп қалар. Ұйқым қайда кеткен сірә? Әке-шешем нағып бүгін көзіме көп елестеп жатыр? Тым болмаса жұмасына бір рет отқа май тұтатпай кетіппін-ау, өлі әруақтар дәметіп жүр ғой жарықтық. Бүгін тым болмаса біреуін де бітіре алмағанымды қарасаңшы. Бұ күндегі жұрт айтқан уәдесіне жетуді де ұмытып барады. Берем деген нәрсесін әні-мінімен созбұйдаға салып, ақыры жоқ қылады да, әруақ ақысын ұмытады, о, Алла, өзің сақтай гөр! Өзім барып сұрамаушы ем, ертең екі-үш тиесілі кісіге жолығайыншы, бір малдың басы құралса қан шығарып, құран оқытып жіберейін. Әке-шеше құдайдан перзентті неге тілейді дейсің?!» Ол анасының кескін-келбетін де анық білмейді. Ана дегенде көзіне бар елестететіні — тәңірдің жазғанына әбден мойынсұнып, қандай ауыртпалық болса да бәрін қабақ шытпай үнсіз көтеруге көндіккен, еріне, баласына деген ақ тілегін өз ғұмырынан да артық санайтын жұдырықтай ғана әйел. Үлкен үйге не керек болса — отау үйге де сол керек, жыртық шаңырақ астындағы осы екеуінің көңілі жыртық болмасын деп әкесі айлап, апталап мал табудың жолына кеткенде анасының мұны қыса құшақтап еркелететіні, даладан дүбір естілсе «әне, әкең келді!» деп елең ететін сәттері есінде мәңгі қалыпты. Құдай-ау, содан бері қанша жыл, бірақ соның бәрі дәл кешегідей, қүні кеше ғана болып өткендей. Бай да емес, хан да емес, қайыршы болсаң да тіршілік шіркіннің қаңтардың тоқты тоймас қысқа күніндей зу етіп өте шыққанын байқатпас өзіне

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35