деймін! Жас бала қорыққаннан екі көзі алақандай боп, кейін шегіне берді. —Көке… көкетай… Не істемексіз мені. Байламаңызшы, жалынамын, айтқаныңыздың бәрін істеймін… —Мыйза-ау, жаш баланың жазығы жоқ қой… — Өй, нәлеті, сен де басынған екенсің, қарның тойған екен бай жылқысының қартасына. Мә саған ендеше! — Үкітай қолындағы дырау қамшысымен атшының басынан тартып жібергенде оның шекесінен қара қан бүрқ етіп, қар үстіне отыра кетті. Жерде жатқан арқанды алып, Үкітай үйінді қардың үстінде жан далбасамен өрмелеп бара жатқан баланы етегінен тартып алды да, шырқыратып қолын байлай бастады. — Үкітай? — деді маналы бері әзер шыдап тұрған Өмекей олардың қасына жетіп келіп. — Қоя бер баланы! —Не дейсің? — Ол Өмекейге тесіле қарады. —Қоя бер деймін. —Неге? —Баланың жазығы жоқ. —А-а, солай ма? Бәлкім, інімді құдыққа сен итеріп өлтірген шығарсың да, бұл күшіктің әкесін ұстап бере салған боларсың, әйтпесе, неге мұның жазығы жоқ дейсің? —Қылмысты жасаса әкесі жасады, ол балада не кінә бар. Босат! Шырылдатпа жетімді! Кек қайтарудың жолы мұндай болмайды. Осындайда пана болар кісі табылғанына қуанған бала қырғидан қашқан торғайдай жүгіріп кеп Өмекейдің етегіне жармасты. — Көкетай, тимесінші маған, қой деңізші. Айтқаныңыздың бәрін істеймін… «Менің айтқанымның бәрін істеп не көгертерсің, жазған бала-а! Мен саған не айтармын, қаршадай боп сен не тындырмақсың. Бесіктен белі шықпаған балаға азап сыйлардай бұл неңді алып еді, о, сұм өмір!» Өмекейдің ет жүрегі езіліп кетті. «Обалыңның бір ұшы менде жатқанын сезбейсің-ау, байғұс, — деді ол ішінен. — Сол кезде шындықты айтсам мұндай күйге түспес те едің. Жалтарып айтып, құдай алдында бір күнәға батсам, сенің қазіргі күйіңді ойлап қабырғам тағы қайысады. Әкеңнің қу тақыр екенін біз қайдан білейік. Шерәлі ауылынан деген соң жерден жеті қоян тапқандай бәріміз өре тұрып, одан есемізді бір қайтарайық деп ойлап қалмадық па? Қолдан келер не амал бар? Шындықты енді айтқанда маған кім илана қояды, мына тұрған елірме есерлер өзіме жабылмай ма? О, бейшара бала!» Өмекей Тұңғыштың маңдайынан сипап, арқасынан қақты. —Қорықпа, саған ешкім де тимейді. Көктем шықсын, сонда апаң да келеді. Жылама, көп жыласаң олар келмей қояды, білдің бе? —Білдім. —Енді жыламайсың ғой? —Жыламаймын, — деді ол өксігін баса алмай тұрып. —Бар, жұмысыңды істей бер. Жат адамдардың арасынан бір жанашыр тапқанына қуанып, бала көңілі көтеріліп, қораға қарай жүгіріп кетті. — Бәрің жаусыңдар, бәрің, шеттеріңнен! — деді Үкітай дәрменсіз айқайға басып. — Сенгенім сен едің, енді сен де жауымның маңдайынан сипадың. Не боп барады бұ дүние! Жалғыз барамын, жалғыз! Шерәлінің отанына тым болмаса бір ойран саламын. Доскей ауылынан да бір еркек табылады екен ғой деу үшін
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35