СҮЙЕКШІ

барамын. Өлсем өлігім сонда қалсын! Өңкей жасық немелер! Жылайын десең еркек басыңа мін, жыламайын десең ішің қазандай қайнап барады, бас көтерер бір жан жоқ. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете бермек бәрі де. Ал, отырыңдар, от басында омалып! Үкітай үзеңгіге аяқ сала бергенде: —Жол болсын! — деген Доскейдің салмақты үні естілді. Баласы жалт бұрылып әкесіне қарады да: —Бүгіннен қалдырмай жинап бер жігіттеріңді. Әйтпесе, өзім аттанамын, — деді. —Қайда аттанбақсың? —Кеше ғана бір үйір жылқыңды айдап кеткен Шерәлінің ауылына. —Жылқыны айдап кеткен Шерәлі емес, боран. Өліктері табылды. Әй, балам-ай, — деді ол күрсініп. — Сенде бар ыза, сенде бар намыс өзгеде жоқ деп ойлайсың ба? Жалғыз шауып не тындырмақсың, көп боп барып не бітірмексің? Бүкіл ауылыңды жиғанда, Шерәлінің жарты ауылынан аса алмайды. Ақылмен істе, құр шабынғаннан түк өнбейді. Күштінің аты күшті. Ес жияйық, іргелі ел болайық. Доскей жайлап басып келіп, ағаш бұтайтын дөңкенің үстіне отырды. Қабағы тым салыңқы. Ар жағында шығара алмай тұрған бұдан да маңызды бір түйткіл бар сияқты. Бәрі де үнсіз. Әке қолындағы қамшының сабымен шашылған ағаш жаңқаларын бір жерге жинап, қайта шашып жіберді. —Әке, не болды? — деді Үкітай оның қасына келіп ақырын ғана. —Өмекей, — деді Доскей ұлының сауалына жауап бермей. —Құлағым сізде? —Әкең үйде ме? —Үйде. —Малдарын шашыратпай жинап отырсын. Боран басылып, қар қатып, уақ мал жүретіндей болған кезде Қабантауға көшеміз. —Не дейсіз? — Екі жігіт қосарлана сұрады. —Сол. Шерәліге жайлау тарлық етіпті. Болысекем бүгін осылай шешті. Күштінің аты күшті. —Қорлық қой, қорлық қой бұл, әке-ау! — Ұлы терісіне сыймай ат жалынан құшақтап тұрып, еңкілдеп жылап жіберді. Тұңғыштың көз алдында сол бір сәт әлі тұр. «Доскей ауылы көшетін бопты» деген хабарды естіген соң, өзгеден күтер үміт жоқ байғұс ана ақ қар, көк мұзға қарамай кештетіп осында жетті. Көшер мезгіл көктемге салым болса да, ызалы Доскей қыстың қырауында-ақ кереге жығып Қабантауға өзгелерден бұрын аз ғана адаммен өзі кеткен. Мұндағы мал-жанның бәріне бас боп қалған Үкітай кір жуып, кіндік кескен жерден біржола кететін болғанына іші қан жылап, «ит ашуын тырнадан алады» дегендей ауыл адамдарының екі аяғын бір етікке тығып, бөріктіріп жүр. — Айдаңдар! — деді ол ақырып. — Кештен қалып қоятын болдық қой, кеуделеріңде жандарың бар ма, пәдеріңе нәлеттер! Әй, боқмұрын, нағып тұрсың сүмірейіп, шығар тайларды! —Ағатай… енді апам қайтіп табады мені?.. —Онда менің жұмысым жоқ, айда малды! Жас бала көзінің жасын кілт тыйып, жыңғыл қораның есігін айқара ашты. Жылқылардың дүбірін естіп, тықыршып тұрған тай-жабағылар сыртқа лап қойды. Осы сәт жас баланың құлағына анасының таныс дауысы естілгендей болды. Жабырқау

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35