көңіл селт етіп, ол артына жалт қарады. —Менің Тұңғышым осында ма екен, айтыңыздаршы? —Сен оның кімі едің? — Анасымын. Жер түбінен жаяулатып жаңа жеттім. Баламның қайда екенін айтыңыздаршы, құдай үшін! Аман ба, менің жарығым? Түңғыш қолындағы құрығын тастай беріп, «апа-а!» деп анасына қарай құстай ұшты. — Құлыным!.. Құлыным! Жарығым, жалғызым, бар екенсің ғой, сені де көреді екенмін ғой, шүкірім!.. Анасы еңіреп жылап, бір жылдан бері көрмеген перзентін ыстық құшағына қысып, екі бетінен алма-кезек сүйе берді. —Иісіңнен айналдым-ау, шыбыным. Тумай жатып мұндай күйге түсердей не жазып едік, қу құдай! Екі көзің жәудіреп, осында қалғаның есіме түскенде шықпаған жаным ғана жүрмеді ме мен сорлының. Тірі жетім болған көкешім менің! —Апа… апа, са… сағындым ғой сізді. Неге келмей кеттіңдер? —Жыламашы, жыламашы, күнім. Келдім ғой, міне. —Енді… енді үйге алып кетесің бе? Анасының өзегі өртеніп, бұрынғыдан да қатты егілді. — Жоқ… жоқ, құлыным. Көктемге салым келемін, сонда алып кетемін. —Қалмаймын, қалмаймын. Үйге алып кетші, апатай. Көкем… көкемнің өлгені рас па? —Жоқ. Оның жұмыстан қолы тимей жүр, шыбыным. Көктемде ол да келеді. Сені атқа мінгізіп алып кетеді. —Неге бүгін алып кете бермейсің? Бұлар мені боқтайды, ұрады. Қалдырмашы, апатай!.. Баласына қандай жауап, қандай алдау айтарын білмей ананың буын-буынынан дәрмен құрып, тәлтіректеп кетті. Тірі жетім боп, аманат қалған баласын қайтсем құтқарып аламын деп, байғұс ананың жылу сұрап бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Әке-шешесі ерте өліп, кісі есігінде қалған сорлының байқап қараса–бөліп бере қояр жанашыр жақындары жоқтың қасы екен. Бұрын көріспеген ағайындар басқа түскен қайғыны салған жерден бөліп кете алмай, «ойласайық, өзгелер не дейді екен. Көктемге шейін шыдай тұр, мал басы көбейсін, сонда келерсің. Сорың құрғыр, қарап жүрмей кісі өлтіріп несі бар? Жала дейді, неғылған жала? Шөптің басы жел тұрмаса қимылдамайды. Сөйт, көктемде кел» деп құрғақ сөзбен шығарып салды. Ендігі бар үміті жамағайындарда ғана. «Көктемде келемін» деп баласын жұбатып тұрғаны да сол. «Мені бүгін неге алып кетпейсің?» деп тұрған баласына мұның бәрін қайтіп айтып жатсын, айтқанменен ол түсінер ме? Өзі кеткен соң бала көңілі бұрынғыдан да жетімсіреп, жасып қаларын ойлап тұрған ана екі өкпесін қолына алып, осында жетуін жеткенмен енді қайтып ажырасудың жолын таппай, бауыры езіліп, қабырғасы қайысты. Осылай боларын күні бұрын сезіп те еді, келмей жүргені де сондықтан, бірақ, Доскей ауылы көшетін болған соң ана жүрегі қойсын ба, шыбын жаны шырқырап жолға шыққанын өзі де білмей қалған жоқ па? Енді не істейді, қолдан келер шара қайсы? Ұлының шырқырап қалған үні құлағынан кетер ме, сол дауыс жатса-тұрса маза беріп, көмейінен ас өткізіп, кірпігін айқастырар ма? Осы кезде Үкітайдың:
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35