«Ей, айдаңдар! Әлгі Аманат баланы жер жұтып кетті ме?» — деген айбарлы дауысы естілді. Ана жүрегіне біз сұғып алғандай денесі тітіркеніп кетті. Үкітай бұларға жақындап келіп, үңіле қарады. —Сен кімсің, қайдан жүрген қатынсың? —Мен Тұңғыштың анасы едім, мырза. Бір иіскеп кетуге келдім. —Е-е, с-солай де? Мұның да жоқтаушысы бар екен ғой. —Мал екеш малдың да иесі бар, адамның жоқтаушысы неге болмасын, мырза. Сіздерге аманат болғанымен менің ішімнен шыққан балам ғой. —Аманат құнын қашан өтейсіңдер? —Бар болса жалғыз баладан аяп отыр дейсіз бе, мырза. Бар дүние оның бір жылағанынан садаға кетсін! —Олай болса дүние жинаған күні келерсің. Әй, боқ мұрын, мін атқа, тұра беретін уақыт жоқ. —Апа, апатай, бермеші мені, алып кетші бірге! — Ол анасына тығыла түсті. —Бар… бара ғой, күнім. Көктемде… көктемде кеп ап кетемін. Шүкірім, шыбын жаным әшейін. О, ж-жаратқан құдай, қу құдай!.. — Ел көшіп жатқанда сұңқылдап жылағандарыңды доғарыңдар. Жібер баланы! —Көкетай, жіберіңізші мені ауылға. Кейін қайтып келемін ғой… —Не дейді мына күшік? Мін атқа тез. Бол! —Жалынам, көкетай!.. —Өй, нәлеті, жабыса қалуын қарашы. Бері кел бермен! —Үкітай ат үстінен еңкейіп, баланы ана құшағынан суырып алды да, сүйреп апарып аттың үстіне қарулы қолымен отырғыза салды. —Ұста тізгінді! Жүр тез! —Апа-а-а! —Құлы-ным!.. Көшкен елдің малын айдап, шырқырап бала кетті, көшкен елдің жұртында көкірегі қарс айырылып, жападан жалғыз ана қалды. * * * Қақаған қыс ортасында ірге көтеріп, ауа көшкен ызалы Доскейдің әбігерлі ауылы жаңа қонысқа у-шу, ырду-дырдумен жайғасып жатқанда Үкітай ұшты-күйді жоқ боп шықты. Уақытша лыпа қып салынған қораны қарады, ат та жоқ, ер-тұрман да жоқ. Жылқышылардан сұрағанда олар мандытып ештеңе айта алмады, тек, түнеу күнгі сақау ғана: «Аш-шу ішейдің алдында көйіп ем. Мыйза-екем жылап отыйған. Сүйауға батылым жетпеді», — деп күмілжіді. Доскейдің жүрегі су ете қалды. «Сол жаққа кетпесе нағылсын! Жеті түнде адасып кетер ме екен сорың құрғыр. Адаспай жол тауып барған күннің өзінде де аман қайтуы екі талай-ау ? » Ол аз-кем үнсіз тұрып қалды. Қабағы қатулы. Қою қастарын бір-екі қосып-жазып алды да: «Жиналыңдар тез! Өмекей де жетсін», — деді. Ақ үйдің ағаш есігін тез ашып, ішке кірді. Ортада сытыр-сытыр етіп сексеуіл жанып жатыр. Ол шөкелей отырды да түтінсіз жанып жатқан жуан-жуан сексеуілді бір-біріне қағыстырып жіберіп, балуан саусақтарын жылуға тосты. «Шынымен қартайғаным ба? Ақ қар, көк мұзда елді абыржытып, бала-шағаны суыққа тоңдырып… Көктемге шейін мені ешкім қуған жоқ еді ғой, азап айдады ма, ажал айдады ма? Қырсық мінезден не таптым? Шерәлінің несі кетті, күлген үстіне күліп жатыр-дағы. Аманат баланың шешесі келген дей ме? Салт емес,қолында баласы
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35