есінен айырылғандай екі көзі алақандай боп шегіншектей берді. —Не болды! Не көрдің сонша! Өмекей бір сұмдыққа тап болғандарын сезіп, ішке тұра ұмтылды. Сол сәтте көз алдындағы дүние қарауытып, жер шайқалғандай тәлтіректеп кетті. Үйдің қақ ортасында ақыреттей суық қара жерде үстінде жалғыз ғана жұқа көйлегі бар жансыз әйел жатты. Жігіттер лап қойды. Әйелдің денесі серейіп қатып қалыпты. «Астапыралла, бұ нағылған әйел! Көйлекшең жатқаны несі? Иесіз жұртқа неғып келген?» деп абыр-сабыр боп жатқанда, өзгелерді киіп-жарып ортаға Өмекей де үңілді. «Сорың құрғыр-ай, — деді сыбырлап, еріксіз сорғалаған көз жасын орамалымен сүртіп, — жұртта қалған соң үйіне жете алмайтынын білген екен ғой! Бейша-а-ра!» —Танушы ма едіңіз? —Танимын. Алдың күні сыртынан көргем. Аманат баланың анасы ғой. —Обал-дағы-ай! —Бейшара-ай! Өмекейдің есіне әлдене түскендей селт етіп, жігіттерге үрейлене қарады. —Қолында нәрестесі бар еді ғой!? Қарбаласып жүріп ешкім байқамапты, төргі күңгірт бұрышта әлдене қараяды. Салық жылқышы өзгелерден бұрын ентелей жетіп, қарайған нәрсені қолына көтеріп алды. —Нәйесте ғой мынау. Өм-еке-ау, нәйесте ғой!.. Садағаң кетейін-ай… Анасы байлық кимін шешіп ойап тастапты. О, бейша-й-ай! Екеуі де жүйтта өліпті-ау! Ол нәрестені ораған киім-кешекке маңдайын тигізіп, дауыс шығарып еңкілдеп жылады. Бәрі де көзіне жас алды. Салық жылағанын кенет шорт үзіп, үнсіз қалды. Аяз қақтап, жер беттенген қара қошқыл жүзіне қуаныш жүгіргендей айналасындағыларға бір қарап алды да, баланың бетін тез-тез аша бастады. — Сүйінші, сүйінші! Өмеке! Бала… бала тиі екен! О, жайатқан, о құдиеті күшті құдай! Әні, дем алып жатый. Қайаңызшы, пыс-пыс етеді. Салық жүгіріп кеп баланы Өмекейдің алдына тосты. Өмекей нәрестені қолына алып, бетіне үңілгенде ол дабыр-дұбырдан талықсып жатқандықтан ба көзін болар-болмас бір ашты да қайта жұмды. Денесі жылы екен. Өмекей ауыр бір күрсінді. «Құдайға шүкір, құдайдың мұнысына да шүкір. Көрер күні бар екен де бейшараның. О, Алла, кеше гөр. Не боп барады бұл! Енді жалғыз анасының да өлгені ме бейбақтың? О, Алла, о, Алла-а…» Жұртта қалған ескі-құсқы шүберек пен ана киіміне оралған кішкентай бір жүрек лүп-лүп соғып жатыр. Бір тіршілік үзіліп, бір тіршілік жалғасыпты, бір өмірдің жолында бір өмір құрбан бопты. Жамағайын Доскейдің айтқанынан шыға алмай көп ауылдың бірі боп оның соңынан амалсыз ерген Өмекейдің көңілі екі-үш күннен бері мына жетім жұрттай құлазып жүрсе, аманат бала обалының бір ұшы өзінде жатқанын іштей мойындататын ауыр бір сезім жатса-тұрса көкейінен бір кетпей, адамдық арын күн сайын түрткілеумен келген-ді. О баста жасаған қиянатымды қайтсем ақтаймын, қайтсем өтеймін деп іштей арпалысып, азапқа түсіп жүргенде бейбақ баланың соңғы тірегі, соңғы сүйеніші — анасының жан түршігерлік өлімінің үстіне түсіп, қылмысына қылмыс қосылып, күнәсі ауырлай түскендей болды. Қолында жатқан
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35