шалажансар сәби мен жазда жалақ, қыста тулақ боп мал соңында жүрген аманат баланың бір кезде өзі жасаған қиянаттың бейкүнә құрбандары екенін, олардың әке-шешесінің өлімі де, өздерінің сөз жоқ қайғылы болашағы да, бір үйдің шаңырағының ортаға құлап, ойран болуы, бәрі-бәрі де өзінен басталып, өзіне тірелгенін ол жақсы түсінді. Өздерінің ақ түтек боранда атқа қонған мақсаттары Үкітайды іздеу болса да жол-жөнекей алдың күні жұртта қалған осы бір панасыз бейшараның күні не болғанын ойлап, жеткенше шыдамы таусылды. «Ескі жұртқа соғайық, бой жылытып алмасақ болмас» дегенде көкейіндегі шешпек болған түйткілі де осы еді. Сол түйткіл осылай шешіліп, ауылдан аттанып шыққанда жүрегінің алыс түкпірінде сумаңдаған сұп-суық күдігі шынымен-ақ расқа айналды. …Жаңа қыстаққа жаңа қоныс тепкен шағын ауылдың бес-алты адамы Қабантаудың басынан алғашқы мола қазып, бейтаныс бір әйел мен үйге жеткізгенше шыдай алмай жолда жан тапсырған нәрестені қатар қойып жатқанын Тұңғыш білсе де олардың кім екенін сезген жоқ. Бар білетіні — ұнжырғалары түсіп, күбір-күбір сөйлескен жұрттың өзіне әдеттен тыс жиі-жиі көз тастап, белгісіз бір аянышпен қарайтындары ғана. Ал анау, ақсақ жылқышы елден ерекше неге жылап жүр, «шыйағым-ай, үйге аман жеткенде адам боп кетей ме ең… бала қып асыйап алаймын деп қуанып ем, бейшалай-ай» деп сарнай беретіні несі? Туыстарының біреуі болған-ау шамасы? Өмекей ағай менің басымнан неге сипайды, көзіндегі жасы несі? Шерәліні өлтірмек боп жалғыз кеткен Үкітай бір аяқ, бір қолын үсітіп, өлімші халде адасып қайта келгенде де бұлай қобалжымап еді ғой… Бәрін ол кейін, бір ай өткен соң білді. Құлындағы дауысы шығып шыңғырып жылағаны есінде. Жалаңаяқ, жалаңбас анасы мен туғалы көрмеген інісінің бірі үлкен, бірі кіші моласына қарай шырылдап жүгіргені есінде. Қуғыншыларға қарасын көрсетпей молаға жетіп жығылғаны есінде. Ана моласының тас боп қатқан топырағын тырналап, саусағынан қан аққаны есінде. Артынан келген адамдардың көтеріп әкеп атқа отырғызғаны есінде. Әрі қарай не болғаны жадында жоқ. Арада бір жылдай өткен соң оның Тұңғыш аты да Аманат аты да жойылып, Кеңкелес атанды. Кеңкелес бала… Кеңкелес ағай… Кеңкелес кісі… Талай жайлау ауысты, талай қыстақ қаңырап қалды. Мың жасайтын Шерәлі де өлді, дұшпанынан кек ала алмай, іштей тынып Доскей де көз жұмды. Екі атадан қалған екі бала әкелері тындырмағанды өздері тындырардай, өзекті жанға келмей қоймайтын өлім нақ бір бұларды айналып өтердей бір-біріне бұрынғыдан бетер өшіге түсті. Бірақ, Кеңкелес үшін мына дүниеге құдық қазып, мал бағу, сәті түссе тоя тамақ ішіп, ұйқысы қанып оянудан басқа мақсат та, қызық та жоқ. Өзгелер сияқты ол күлмейді, күлдірмейді, қымыз ішіп, қызара бөртіп жүргісі де, бозбала боп қызға қырындағысы да келмейді. «Бұл мағынасыз тіршілік қашан бітеді, қашан
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35