СҮЙЕКШІ

көпсінбейді. Кәрілік те жетіп қалған-ау, әлде түнгі аяз жерге тоң қатырып өткен бе? Ол күректі табанға салып ырғап қалғанда, жүзі тасқа тигендей тық ете қалды. Бар салмағын салып тағы да ырғап көріп еді, сол жамбасы зырқ етіп, аяғынан жан кетіп қалғандай болды. Денесі түршігіп келе жатқан секілді. Кеше қазып кеткен шұқыр топырағының бетіндегі қырауды ысырып жіберіп, сылқ отыра кетті де, жамбасын уқалады. Кәрі денесі жылы төсекті аңсады. Бірақ жылы оранып жатар уақыт бар ма? Тым болмаса үшеуін бітіру керек. «Қыс та түсті-ау, — деді ішінен ол, — екеу қазармын, ал үшеу… ай, ай қиын болады-ау». Күн көтеріліп, әлсіз жылудан жер беті жылт-жылт етіп ери бастады. Ол түрегеліп, сүймені мен қатты жерді екі-үш түйгенде мұз-жарғақтар жарпа-жарпа боп жан-жаққа ұшып түсті. «Тоң қалыңдай қоймаған екен, — деді ол күбірлеп, — онысы жақсы болды. Бүгін үшеуін бітірсем»… Сәлден соң денесі қызып, жамбасының шаншуы да қайтты. Үш-төрт сүйем өткеннен кейін жұмсақ топырақ басталып, әрі қарай қазу жеңілдеді. Бір аттам аралықта да айырмашылық бар. Кешегі жердің топырағы қасаңдау еді, мына аранікі борпылдақ екен. «Әсте, бейшараның мінезі жұмсақ шығар». Кісі бойына жеткен соң құбыла жақ шеттен ақым бастап кеулей қазды. Моланың қиыны осы. Әуелгіде бір жамбасыңа жатып қисая қазбасаң оңтайға келмейді. Бір сағаттай уақыт өткенде ақым да бітуге таянып, ол сыртқы үйге шықты, бетінің терін сүртіп қараңғы көрге үңіле қарады. Енді бір түсуден артылар тірлік қалған жоқ. Осы сәт сырттан ат тұяғының дүсірі естілді. Дүсір оның дәл төбесіне кеп тоқтады да: —Көр нұрлы болсын, — деген дауыс естілді —Айтқаныңыз келсін. — Тұңғыш ернін күбір еткізіп, орнынан тұрды. Кеудесі моладан көрінбейді. Мойны қылтиып, көзі шүңірейіп, жігіт ағасы боп қалған мұртты кісіге «не айтасың» дегендей тесірейе қарап тұр. —Бүгін таң сыз бере інім қайтып еді. —Иманды болсын. Ұнаса мына біреуі дайын. — Тұңғыш атты кісіге бір, ақымға бір қарады. —Бұл жерге су үймелейді-ау деймін, ойпаң екен. Басқа жерден қазуға болмай ма? —Құдайдың жерін жаралай беріп қайтеміз. —Өлгенді құдай кешірер. Анау бір төбенің басынан қазсаңыз қайтеді. — Атты кісі жез сапты қамшысымен беткей жақты көрсетті. — Сол жердің топырағы құрғақ болар. —Ал мынаны кім алады? — Бір бұйырған алар. Қазылған көр далада қалмас. Тұңғыш түнеріп төмен қарады. Бәрі өстеді. Жер таңдап, мүрде таңдап күпірлік жасайды. Төбе не, ойпаң не? Бұ жерге де су үймелейді. Ағып өткен судан көп болса зәктер, бірақ ақымға жетпейді ғой. — Күйген қышпен төрт қатар ғып өрсе марқұмға сыз тимейді. Бесікке жаңа бөлеген баладай құп-құрғақ жатады. — Өлім үстінде айтыспайық, пәруәрдігер. Тілегімді орындаңыз. Ақысына –бір

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35