СҮЙЕКШІ

Өмекейге бір, даладағы меңіреу қараңғылыққа бір қараумен болды. —Көкетай, мырза-екем біліп қойса сізді… сізді ұрмай ма? —Ол жағын уайымдама. Өз басыңды алып қаш. Тірі болсақ бір жерде кездесерміз, кездеспесек сыртыңнан тілеулес боп жүрермін, маңдайыңнан соры арылмаған бейшара. — Соңғы сөзді айтқанда Өмекейдің үні қалтырап шықты. — Қош бол! Үш күн бойы байлаулы жатқан Кеңкелес сал-сал болған денесін әзер жинап, қою қараңғылықтың меңіреу түкпіріне қарай шайқатыла басып жүріп кетті. Өзгелер секілді ата-ананың ыстық мейірімін көріп өсуге, ойнап-күлуге, бозбала боп жар сүйіп, түтін түтетіп өз алдына шаңырақ құруға қақы бар бір пенденің бүкіл болашағы мен ғұмырын, бар қызығын жұтып, оның анау жұдырықтай денесін сығымдап-сығымдап, бұдан былайғы кешер ғұмыр, сүрер өміріндегі бар жақсылығын сылып алған қарғыс атқыр аманат тұзағы пырт-пырт кесілген қыл шылбырмен бірге көрпелдеш қамайтын қараңғы үйде қала берді. Бірақ ол бостандық алдым екен деп ойлаған жоқ, жиырма екі жыл бойы мойнына сор боп мінген аманат бәлекеті әйтеуір артта қалды-ау деп қуанған жоқ. Мына қараңғылықтың ар жағында не бар, ертеңгі таңы қалай атпақ, тураған еттей боп зу ете шығатын қып-қысқа өмірдің енді былайғысында жаны шықпаған кеудесін тағы қайда сүйретеді, алда не күтіп түр? Ол мұның бір де біріне көз жіберіп ой тоқтатпады, тоқтатуға шамасы да болған жоқ, тіпті өзінің қайда кетіп бара жатқанын да білмеді. * * * Беталды –құла дүз, қанша жүргені белгісіз. Әйтеуір бір кезде аяғынан әл кетіп, қалжырап сұлық түсті. Сол бойы талықсып ұйықтап кетіпті. …Бас жағынан әлдекімнің бір қалыпты созылта, әндете салған дауысы естілді. Өңі екенін, түсі екенін ажырата алмай біраз жатты. Тұла бойы суықтан қалшылдап барады. Бас жағындағы сарнаған дауыс бұрынғыдан анығырақ, күштірек естілді. Ол жайлап көзін ашты. Көкпеңбек боп ашылған тұнық аспанды көрді. Күн де көтеріліп қапты. «Апырмау, бұл не? Қайда жатыр? Жылқылар қайда? Мынау кімнің дауысы, қайдан шығып жатыр?» — Аш көзіңді, жи есіңді. Қайдан жүрген жансың? Тұңғыш басын көтерді. Иығында ала қоржыны бар бір кемпір өзіне төне қарап отыр екен. Қолы күсті, киімі алба-жұлба, қайыстай боп қатып қалған қара қошқыл жүзінен ыстық-суыққа әбден көнбіс боп алған кейпі байқалады. Тұңғыш есеңгіреп кетті. —Апа… сіз… сіз менің апамсыз ба? —Қайдағы апа, бейшара! Мен диуанамын. Басыңда отырғаныма көп болды. Өлгелі жатқан бір сорлы екен деп жаназаңды шығарып отыр ем, талқаның таусылмаған екен, көзіңді ашып, тілге келдің. Қайдан жүрсің, қайда барасың? —Қашып келемін. Барар жерім жоқ. —Жақын туысың бар ма еді? —Құдай жалғыз, мен жалғыз. —Мұндай күйге қалай түсіп жүрсің? Шеш үстіңдегі киімдеріңді, сонан соң айтарсың. Мыналарды киіп ал, тісің тісіңе тимей барады ғой Диуана қоржынынан ескі-құсқы киім

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35