СҮЙЕКШІ

алып Тұңғышқа берді. —Көп жасаңыз, шеше. —Көп жасап қайтемін, «иманды болыңыз» де. —Иманды болыңыз. — Ол тас лақтырым жердегі су қазған жыраға барып киініп келді. — Кемпір ақ таяғына сүйеніп сол қалпы қимылсыз отыра кетті. —Өзің қаншадасың? —Отыз бірдемін. Өзіңіз ше? —Менен бір мүшел жас екенсің. —Қойыңызшы!.. Бір-ақ мүшел ме? Сіз менің шешем сияқтысыз ғой. —Еһ, басқа түскен ауырлық кемпір етпек түгілі ет қып езіп жіберер. Өзің де жер ортасына жеткен адам сияктысың. Жетімдік пен жоқшылықта күнің өткен бір бейбақсың-ау, шамасы? —Ып-рас, тауып айттыңыз. Әкемнен тоғыз жасымда, шешем мен інімнен… Тұңғыш өткен оқиғаның бәрін түп-түгел айтып берді. Сол азапты күндерді басынан кешіп жүргенде терең сезіне қоймаған қайғысын, өзге біреуге алғаш рет жыр ғып айтып беріп жатқанда, өз ғұмырының қасіретті екенін, анадан бейкүнә боп туып, сорлы боп өскенін тұңғыш рет сезініп, екі көзінен пора-пора жас ақты. Диуана да ебіл-дебіл боп жылады. — Менің де күйеуім, балам бар еді. Екеуі де аштан өлді. Көз алдымда өлді. Ыңырсып жатты-ау, жарығым… «нан» деп елегізіп айтқан үні құлағымнан кетпейді. Он бір күн бойы нәр татпады. Аштық өтіп, аузы-мұрнынан қара су ақтарылды да жатты. Күйеуім бір нәрсе іліге ме деп қаңғып кетіп еді, түк таппаған соң өлгелі жатқан қатын-баласын көргісі келмей есік алдына келіп, босағаға сүйеніп отырып жан тапсырыпты. Екі пақыр көз жастарын тыя алмай ұзақ отырды. —Апа, мекен жайыңыз бар ма? — деді әлден соң Тұңғыш диуананың көндей қатқан бетіне қарап. —Бар. Алыста. Енді осы жерден қайтамын. Ел аралап өтеніме жеткенше қыс та түседі. Соңғы күйеуім жарым-жан. Ол да диуана еді, аяқ-қолы сал боп қалды, енді кәріп боп үйде отыр байғұс. Менен басқа ешкімі жоқ. Ол жүріп-тұруға жарайтын кезде күн көріс те тәуір еді. Дауысы саңқ етіп, «Ақ диуана-а» деп сарнай жөнелгенде бір үй емес, қоңсылас екі-үш үй қайыр-садақасын бірден ап шығып беретін. Батаны да төгілдіріп айтатын еді. Енді міне, бар ауыртпалық маған түсті. Оған келгенде жұрт та жомарт еді, ал менің тапқаным оның тапқанымен салыстырғанда, қайда-а, түйенің бір қылғығанындай-ақ! Тісің-тісіңе тимей қалшылдап барасың ғой, мә, мынаны жамылып ал. — Диуана қоржынының бір басынан ескі шекпен алып Тұңғышқа берді. — Иманды болыңыз апа. Сіз болмасаңыз өліп қалғандай екемін ғой. —Мені де құдай айдап келген шығар. Ал, енді не істемексің, қайда бармақсың? —Басымның ауған жағына. —Ім-м… Жалшы боласың ба? —Иә. — Сен оны қой. Орақтан қашқан — жыраққа, бір тепкіден шығып бір тепкіге түсіп қайтесің. Одан да менімен бірге жүр. Диуанашылық етесің. —Диуанашылық?! —Неменесіне шошисың? Диуанашылық — Құдай сүйген кәсіп, құдай жолы. Өзім үйретемін, бір айдың

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35