жүзінде өз бетіңше ел аралайсың. Беталды қаңғығаннан не шығады? —Айтқаныңыз болсын, апа. Тұңғыш үш ұйықтаса түсіне кірмеген мүлде жат, мүлде жаңа кәсіпке — диуанашылық жолына осылай түсті. Диуана әйелмен танысқан күні түні бойғы суықтан денесі қалтырап, жүруге жарамады. Сонан соң ауыл шетіндегі бала-шағасы көп бір жесір әйелдің үйіне үш күн қонып әл жиды, оңалып алды. Шиеттей балалар әуелгіде екі диуанадан қорқып үрпиіскенімен ала қоржынның іші күлше-құртқа, өрік-жаңғаққа толы екенін, диуана деген аты болмаса олардың да өздері көріп жүрген адамдардай екенін біліп, бірте-бірте бойлары үйрене бастады. Диуана жатқан үйдің әйеліне екі қадақтай ұн, жарты қадақтай мұз қант беріп, дәліздегі алашасын сұрап алды да, ертең жолға шығамыз деген түні қоржын етіп тігіп Тұңғыштың басына қойды. Ертең ол диуанашылық жолға түседі! Бұдан бірнеше жыл бұрын молдадан дәріс алып, «кімсің — Қомшаның молда баласымын» боп шыға келетін тоғыз жасар бала, отыз бір жасында иығына қоржын асып, қолына ақ таяқ ұстап ел-елден қайыр сұрайды. «Бір үй қалса диуананың көңілі күптігей», бар ауылдың итін абалатып, әр үйдің босағасы алдында «ақ диуана» деп сарнап тапқан-таянғанын қоржынға жинайды. Ақша ма, нан ба, киім бе, құрт па бәрібір, бергенін ала береді Тамақтың жегенін жейді, артылғанын жетім-жесірге үлестіреді, жыртығы жоқ киім болса базарға барып өткеніне сатады. Торғайдың шоқығанындай тістеп-тырнақтап жиналған ақша тер сіңген орамалға түйіліп, шидем-шекпеннің қалтасына түседі. Сол ақша ақ қар, көк мұз үш ай қыста жан бағуға, бала-шағаң болса өзің жеті-сегіз айдан кейін қайта оралғаныңша солардың ыстық қауметіне, күнделікті талшығына жетеді. Ал, Тұңғыш кім үшін қайыр сұрайды? Әуелі құдай, сонан соң өз қарақан басы үшін. Өзіне қарағанда әкесінің арып-ашып тапқан табысы да қадірлі екен ғой. Ол марқұм әйелі мен баласы үшін отқа да, суға да түсті, сөйтіп жүріп көз жұмды. Бірақ, көзін ашқаннан көңілі бәсейіп, жаны жасып, жігері майырылған Тұңғыш өмірдің мұндай бұлталаңдары жайлы ойлаған да жоқ. Оның бар ойы — ертеңгі жол, үш күннен бері диуана үйреткен түсініксіз шұбыртпа сарнау. Соны қайткенде де ұмытпауы керек. Жол қандай? Азапты ма, алыс па, сол жолдың бітер кезі болар ма, біткен күннің өзінде әрі қарай не істейді? Өмір бақи ит абалатып, қайыр сұрай бере ме, «отын — олжа, су — қорлық», азаннан қара кешке дейін ақтап жүріп, қоржын толған соң қонаға жай сұрап, әр үйдің қас-қабағына қарап осылай кезе бере ме, әлде екі қолға бір жүмыс, жан бағатын басқа кәсіп іздей ме? Тұңғыш бұл жағын да ойлап жатпады. Диуаналық өмірдің он шақты күні артта қалып, әуелгіде жаны шошыған кәсіпке еті үйреніп, тілі жаттыға бастады. Диуана әйел оны жанынан тастамай баули
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35