СҮЙЕКШІ

екеуі ғана, бірі отыр, бірі осы жерден еліне кетуге ниет етіп, жаңа танысының разылық үнін күтіп тұр. Сәлден кейін диуана таспадай тартылған жалғыз аяқ жолға түсіп Тұңғыштың көзі көріп, құлағы естімеген түу алысқа сапар шегеді. Бір жусан мен бір жусанның арасында қыбыр-қыбыр етіп ешкі сауым уақыт жүрген мына бір байғұс құмырсқа секілді, ол да жер түбіндегі өтеніне өнімсіз жүріспен қимылдай береді. Мейлі, қанша өнімсіз болсын, ерте жетсін, кеш жетсін, мейлі, әйтеуір ол өз отбасына кетіп барады емес пе. Ал өзі отырған төбенің қай жағына құларын да, кең дүниенің қай түкпірін бетке ұстарын да білмей, жер ортасы осы боп шөгіп қалған бейбақтың ендігі мақсаты, ендігі әрекеті, ендігі күйі не болмақ? Басына қандай қара күн туса да ебіл-дебіл еңіреп жылаумен ғана тынған, қайғырғанмен қабырғасы қайысып, ой толғауға өресі жетпей өскен Тұңғыш дәл осы сәт өз өмірінің қор өмір екенін, тіпті, ес біліп, етек жапқалы диуанашылықпен ыстықаумет тауып келе жатқан мына диуана кемпірдің өзінен әлдеқайда бақытты екенін алғаш рет ой жіберіп, бордай үгітілді. Кепе болсын, шайла болсын, түтіні қисық шықсын, түзу шықсын, алыс болмақ түгілі ғұмыр бойы жете алмайтын жер шеті болсын, әйтеуір өтенім бар деп көңілге тоқ, жанға медеу санап жүрер жаман шаңырақ, қара қазанның тірі пендеге бой тұмардай қажет екенін, демеу екенін ұғынды. — Байғұс-ау, қашанғы тұрамын, басыңды көтеріп разылығыңды берсеңші, — деді диуана оң иығындағы қоржынын сол иығына ауыстырып. Тұңғыш сонда барып басын көтеріп, қарсы алдындағы диуанаға қарады. — Жасаған жақсылығыңыз Алладан қайтсын. Иманды болыңыз, — деді ол күбірлеп. Сөйтті де қайтадан төмен қарады. —Алла бұйыртса ұшырасармыз, бұйыртпаса ана жалғанда жолығармыз. Құдай жалғыз, диуана жалғыз. Ел кездеспей далада қалсаң молаға түне, әруақ жүрген жерден жын-жыбыр, бәле-жала аулақ жүреді. Жалғыздың жары –құдай. Жалғыз жатар кезің көп, ұйықтар алдында иманынды үйіріп жат. Иманы үйірілмеген пендені ана дүние қабыл етпейді. —Оны… оны білмеймін ғой. —Айтпаған екенмін ғой саған. Міне, былай: «Жаттым, жаттым жан аула, Тұрғыза гөр иншалла! Тұрғызбасаң иншалла, Лә иллаһа иллалла!» — Көрдің бе, қиын ештеңесі жоқ. Қане, қайталап айтшьі. Тұңғыш аузын аша алмады. Осы төрт жолды үйретемін деп диуана сүт пісірімдей кідіріп қалды. —Ал, қош бол енді. —Қош… қош болыңыз, апа!.. Диуана жүре берді де кері бұрылып кеп: —Мына кебісті сен кие ғой, — деді ескі-құсқыны сатып, күйеуіме деп алдың күні Сайрам базарынан алған кебісті Тұңғышқа ұстатып. — Нәсіп болса жолдан тағы алармын. Жер сыз, табаныңнан сыз өтіп ауырып қаларсың, байғұс, мына аяғыңдағы жыртылып бітіпті ғой. —Көп жасаңыз… —«Иманды болыңыз» де. —Иманды болыңыз… Диуана жүріп кетті. Тұңғыш төмен қараған күйі, қала

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35