СҮЙЕКШІ

берді. Жусан сабағымен шұқылап отырған қара күрең кебу топыраққа кенет әлдене тырс-тырс тамып, бір түйір балшық топырақ пайда болды, сонан соң екінші, үшінші… Тұңғыш олардың неден, қалай пайда болып жатқанын да сезбей дымқыл тартқан күрең топырақты ары-бері аударыстыра берді, аударыстыра берді. Батыс та жоқ, шығыс та жоқ, түстік те жоқ, теріскей де жоқ, аспан асты жер қуыс, елден ел, жерден жер кезіп, ол осылайша он бес жыл бойы диуанашылық күн кешті. Қоржынның екі басы мың толып, мың босады. Байлаудағы төбеттер шынжырын үзіп кетіп талай талап, талай жазылды. «Аш иттің артын сұқ ит жалайды» дегендей, тырнақтап жиған ақшасын ұры-қарылар тонап, көп ажалдан әзер қалды. Ел іші ала-құла, жаман да бар, жақсы да бар. Баламды қорқыттың деп талай мейірімсіздердің ауылдан қуып, ит айтақтаған кездері де болды, оның жаман шекпені желбіреп, бас сауғалап қашқанына, есірік төбеттердің ортаға алып тұс-тұстан тартқылаған сәтте, есі шығып ербеңдегеніне, қарқ-қарқ күліп тұрған кісәпірлердің бірталайын да көрді. Бірақ, диуананың несібесі ел ішіне шашылған, ол елден безбеді, ертесіне қайырымды біреуге кездесіп, әлгісінің бәрін ұмытады. Ұмытпасқа шара да жоқ, оның бәрін кек тұта берсең диуана бола алмайсың. «Диуана болармын» деген ой бұрын оның үш ұйықтаса да түсіне кірмесе, енді оған еті үйреніп, әбден бауыр басып, өзге кәсіпті ұмытқан шағында «мұны қоярмын» деп әсте ойлаған жоқ-ты. Есігінің алдына келген диуананы ешкім қумайды, еш мұсылман оның маңдайынан шертпейді. Бай бол, кедей бол, жарлы бол, жесір бол — диуанаға барыңды бересің, қуыс үйден ол құры шықпауы керек, қайыршыдан да бетер отқа қараған сорлы болсаң бір жапырақ таза шүберек беріп құдай деген пендеге жол сілте, батасын ал, бата ешқашан көптік қылмайды. Бірақ, диуаналардың жазылмаған бұл заңын әманда орындай беретін жұмыр басты пенде ме? «Атаңа нәлет, өзім де ақтап кеткелі отырмын. Бұлардың қайсыбірін жарылқарсың, бірі кетсе бірі келеді. Пақыр ғой деп мүсіркейсің, қазбалап көрсең өзіңнен өткен бай» деп ашу үстінде қуып жіберетіндер де бар. Кім біледі, ондайлардың айтқаны бір жағынан жөн де шығар, соңғы бір-екі жылы жұт көбейіп, елдің пейілі тарылды, аш-жалаңаштар қаптап, диуаналар шұбырып кетті. Барлық адамның мінездері қандай ала-құла болса, диуаналар да солай әртүрлі, олардың да момыны мен кісәпірлері бар. Бұрын, ел тоқшылық кезде лажы болса ақша, яки бүтін киім сұрап, құрт-май, нан-пан бергендерді жақтырмай батасының жартысын жұтып, бетін сипап кете беретін масайған диуаналар енді бір тостақ арпа берген үйге бар білетін батасын қақтап айтатынды шығарды. Бүгін ол қонатын үй таппады. Барған жерінің бәрі де: «Сорлы, сен түгілі өзіміз жататын орын жоқ» немесе «өзің секілді екеуі жатыр, қайда сыйғызамыз» деп есіктерін сарт жауып, бірі

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35