СҮЙЕКШІ

кіргізбеді. Көз байланып, табан жолды көру мұң боп қалған соң Тұңғыш күдерін үзіп, аулақтағы бір жыңғыл қораға келді. Күн жылы, жер құрғақ, қоржынды жастанып, шекпенге оранып жатса бір күнге бәле де алмайды. Ашық даладан гөрі қораның аты қора ғой. Ол кіріп келгенде ойылған көңге сүрініп етпетінен түсті. «Астапыралла!» деп орнынан қайта көтеріле бергенде қараңғы бір түкпірден: «Бұ кім?» деп әлдекімнің шошына шыққан үні естілді. —Қонатын жай іздеп жүрген диуанамын. —Басқа жер құрып қалды ма? —Обай-ау, жөн сұрасып тұрар заман қайда, ұста тез! — деген екінші біреудің қарлыққан үні тағы жетті. Тұңғыштың жүрегі су етіп, денесі мұздап кетті. «Қандай пәлеге тап боп ем тағы. «Ұста!» дегені несі, менің немді алмақ? » Көзді ашып-жұмғанша болған жоқ, еңгезердей екеу жетіп келіп қауқарсыз бейшараны ұмар-жұмар жерге алып ұрды. Тілге келіп, жөн айтуға да мұрша бермеді. — Диуанамын деуін қара, аңдушысың ғой. Қазір сазайыңды тартасың ендеше! Әй, Текебай, жина еттерді тез, мынаның артында кісісі болуы мүмкін. Жылдам атқа өңгеріңдер. Оған шейін біз бұны… Жанталасқан екі ұрыға Тұңғыш ешкі жыққан құрлы болған жоқ, қол-аяғы, аузы-басы байланып отын бұтайтын дөңкедей әп-сәтте домаланып жатты. Келесі бір сәтте атқа өңгеріліп, ішек-қарны солқылдап, белгісіз жаққа үш ұрымен кете барды. Ішқұса боп, қан жылап барады. «Тым болмаса бір ауыз жөн тыңдаса қайтті, шіркіндер! Енді не істемек, қайда апарады, диуана екенімді қоржынымнан-ақ білмей ме? Қораға айдаған қай құдай, ұрлықтарының үстінен түсерімді білсем безіп кетпейтін бе ем жапан далаға. Бір ауыз… бір ауыз сөзімді тыңдамады-ау». Ел ас-су ішіп болғанда жолға шыққан үшеу түн ортасы ауғанда ат тізгінін тежеп, күбір-күбір ұзақ сөйлесті. —Атқа жүк қылмай лақтырып кетейік те мына сұмырайды. —Тірі қалдырсақ кейін бәле боп жүрмей ме? —Атасының басы! Біздің кім екенімізді қайдан біледі. Осы жерден құс боп ұшып барып қуғыншы әкелемін дегенше біздің де, төрт аттың да құрығын ұстай алмас. Тәшкеннің жыныш базарының қай бұрышынан табады. Бір жылқының еті екеуіңе ауыр боп келе жатқан шығар, үшеуміз бөліп артайық. Ат артына көлденең тастаған Тұңғышты қыса тартқан қыл арқан кенет кілт босап, мұрнының ұшына тірелген жаны жай тауып қалғандай болды. Бір ұшы аяқтан, бір ұшы мойыннан салынып, ат бауырына үңілте таңылған байғұстың енді біраз жүрсе өті аузына құйылып, мойын омыртқасы үзілердей еді. Аузынан қара су ақтарылып өлімші халге жете бергенде Алланың рақымы түсіп, «өтірік пе, шын ба?» деп ойланып үлгірмей, бір қарулы қол аттан аударып тастады. Аяқ-қолы шешілмеген диуана кескен дөңбектей жерге гүрс етіп домалап түсіп, жапан далада есінен танып, жалғыздан-жалғыз қала берді… Жуан жіңішкерсе, жіңішке үзіледі. Талай жуан жіңішкерді, талай жіңішке үзілді. Ілініп-салынып Тұңғыш

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35