ісек атадым. Тұңғыш ойланып қалды. Әке-шешесінің әруағына құран оқытсам дегені ойына сап ете түсті. —Бір тілегіңді нәмақұл демеймін. Жарайды. Мынаны бітіріп болған соң кірісейін. —Тәңір жарылқасын сізді. Мұртты кісі атын кейін бұрып жүріп кетті. Тұңғыш еңкейіп, моланың ішкі үйіне енді. Бүкшиіп жүріп табанын тереңдетуге кірісті. Әлгі күннің жылуына бойы үйреніп қалғандықтан ба, ақым мұп-мұздай боп денесін түршіктірді. Ол келте сүйменмен аумағы жарты кездей жерді тез-тез түйгілеп шықты. «Су үймелейді дейді. Нағылған су. Топырағы құп-құрғақ. Қандай жақсы жер!» Бос топырақтың шаңын бұрқыратып келте күрекпен сыртқы үйге лақтырды. Ақымның тар тесігінен түсіп тұрған болмашы жарық бұрқыраған қою шаңнан әлсіреп, бұрыш-бұрышты қараңғылық басты. Ол шұқырдан шығып, жұмсақ топырақ үстіне отырып демалды. Күн жылып, қатқан жер шылқылдап ери бастапты. Айналаға қарады. Тірі жан жоқ. Мелшиген меңіреу қабірлер. Олар да әр басқа. Бірінің күмбезі күнге шағылысады, екіншісі аласа жай күмбез, үшінші біреудікі кесек қорған, төртінші біреудің қабірі жай төмпек қана. Енді бір бейшаралардың қабірі ортасына омырылып, сәңірейіп тұр. Кім біледі, бір заманда ол анау күмбезді зираттан да сәулетті болған шығар. Бірақ оған енді ешкім сенбейді, өткен істің бәрі өтірік, бәрі жалған. Дөңес жерден екінші қабірді бастап кіндікке жеткізгенде ине сұғып алғандай жамбасы тағы шым ете түсті. Не болған бүгін, бұрын шаншу қадалғанмен жылы көрпеге оранып, дел-сал боп бір терлесе таңертең құлантаза сауығып кететін еді ғой, әлде, кәрілік деген құдай атқырдың жеткені ме? Көп отыра берсем денем құрысып қалар деп ол орнынан тұрды да, жамбасын қолымен басып бойын түзеді, сонан соң күндегі әдетінше шұқыр ішіне секіріп түсіп еді, сол жамбасын әлдекім суырып әкеткендей көзінің оты жарқ етіп, бүк түсіп жатып қалды. Жілік-жілігінің арасынан әлдекім сым өткізіп, бір ұшын миға тартқандай басы зырқырап, есеңгіреп кетті. Сәлден соң есін жиды. Жамбасының шаншуы бағанағыдан қайтайын депті. Етпетінен түскенде сүйеулі күрекке жығылып шекесінен қан аққан екен, ол дымқыл, саз топырақпен араласып қанды балшық боп қатып қапты. Ол орнынан көтеріліп кіндік бойы қазылған шұқырдың екі ернеуіне сүйеніп біраз тұрды. Салмақ салса-ақ жамбасы зар қағады. «Қап, — деді ол іштей, — біткен екем. Үшеу түгіл, екеуін де қаза алмайтын болдым-ау! Сорлы басым-ай, секіріп нем бар еді!» Ол тырмысып жүріп моладан әрең шықты. Күрегін алуды әлгінде ұмытып кеткен екен, қайтып түсуге қиынсынып ішінде қалдырып кетті. Көзіне жылы төсек елестеді. «Жоқ, — деді ол іштей, — бұл болмайды. Тым болмаса екеуін, кешке дейін тым болмаса екеуін». Үндемес күннің әлсіз жылуына бөксесін тосып, қырындай жатты. Жылылық денесіне жағып барады. Өстіп жатып ұйықтап кетіпті. Көзін ашқанда түс ауып қалған екен. Тісі тісіне тимей қалшылдап барады. Мана
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35