қолынан лып беріп шықтым да, сүймен темірге жармастым. «Қазір мен сені…» Сөзімді айтып үлгертпей әлдекім қарымнан шап ете түсті. Қойшы, көп айтып не керек, мола басында ақшаға таласқанымызды сезіп, екеумізді екі жаққа қуып жіберді. —Мола қазғаныңа көп болды ма? —Он бір, он екі жыл. Жұмыстың ең тынышы осы. Ешкімнен зеку, ұрыс естімейсің. Көріңді қаз да тыныш жат. Ел әйтеуір сені аштан өлтірмейді. Көрінгенге көзтүрткі боп диуанашылық қылғанша баяғыдан мола қазсаң ғой, осы уаққа дейін киіміңді бүтіндеп, там салып алар ең. Көр қазуға жап-жақсы икемің бар екен, диуана боп не табам деп жүрсің? Өзіңнің жасың нешеде қазір? —Білмеймін. —Білмеймінің қалай? —Жас санап жүрген кім бар? —Әке-шешеңнен айырылғанда нешеде едің? —Білмеймін. Сегіз-тоғызда шығармын. —Сегіз-тоғызда… ім… Анда жігіт болғанша, диуана боп біраз жыл. Қырық бес, елулердің арасындасың ғой. Ештеңе етпейді, енді теңеліп кетесің. Сүйекші аштан өлмейді. Бірақ, қазақтар біреуге мола қаздыруды ерсі санап, көпшілігін өздері қазады. Енді-енді ғана үйреніп келе жатыр. Әттең, бәрі бірдей қаздырып, бәрі бірдей нақты ақы төлейтін болса ғой шіркін! Онда баяғы жерге кетемін деп нем бар. Ендігі жылы тәуекел деп сонда тартам. Қаланың тұрғындары да көбейіп қалған шығар… Тұңғыш кіші-гірім шаһарға осылай келді. Оның диуанашылық кәсібі сүйекшілікпен осылай алмасты. * * * — О, жаратқан ием, содан бері қанша заман! — деді Тұңғыш ауыр күрсініп. — Қанша заман!.. Не рәт көрдім сенен, жарық дүние? Жылап туылып, қорлықпен ғұмыр кешіп, жұмсақ төсекке жамбасым бір тимей өтіп барамын. Кетпен көтеруге қайратым жетпеген күні үмітім де сөнеді екен дә. Біреу аш, біреу жалаңаш, біреу тоқ, біреуде жоқ. О, құдіреті күшті құдайым-ай десеңші!.. Бүгін міне, бір құлаш та жер қаза алмадым… Таң да атайын деген-ау. Біреу дүрсілдей ме? Тағы кім опат болды екен? Сырттан «дыр-рр» деген дауыс, ат тұяғының үйге тақалып кеп тоқтағаны, белгісіз біреудің ерден дүрс етіп түсіп, терезеге тақалғаны естілді: «Кім бар-оу?» Тұңғыш үн қатпады. Беймезгіл кезде мазасын алғанына қынжылып, киізді ашуға ерініп жатыр. — Кім бар-оу деймін! Тіл қатсаңшы! Тұңғыш бүркеулі киізді жайлап ашып, терезе жаққа қарады. Астапыралла, әлі түн деп жатса ай-жай боп таң атып қапты ғой! Күн шығып кетпегеніне шүкір. Терезенің жастығы түскені анық екен. Суық жел азынап соғып тұр. Бір қолымен атының шылбырын ұстаған ұзын бойлы, қаба сақал, шүңірек көз бір шал ішке үңіліп қапты. Жылы төсектен ажырағысы келмей-ақ жатса да Тұңғыш орнынан амалсыз көтеріліп, үстіне шекпенін кие бастады. «Аллаға шүкір, шаншуым қайтқан ғой деймін. Үйге кірмей нағып тұр? Маған сонша тесіліп қалғаны несі?» Бейтаныс шылбырын бұғат ағашқа байлап, есікке қарай жүрді. Тұңғыш етігін киіп, бұрышта тұрған
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35