СҮЙЕКШІ

егеу мен кетпенін ала бергенде, киіз есікті желп еткізіп шал да кіріп келіп, оның қарсы алдына тұра қалды. Көзін Тұңғыштан бір сәт алар емес. —Қомшаның Тұңғышы сіз боласыз ба? —Кіміңіз опат болып еді? —Сен мені танымадың ба шынымен? Тұңғыш сонда ғана басын көтеріп, шүңірейген көздерін алдында тұрған шалға ұзақ қадап тұрды да, үнсіз басын шайқады. —О, қу тағдыр! — деді шал күрсініп. — Ерте қартайып, ерте мүжіліп кеткенің бе, байғұс. Мен Өмекеймін ғой. —Өмекей дейсіз бе? —Иә-иә, Өмекей. —Өмеке-ей… Естуім бар сияқты. Кіміңіз қайтыс болып еді? —Болыс-екем хал үстінде… Мені саған со кісінің өзі жіберді. Алып келмей оралма деді. Есімі — Үкітай. —Үкітай!! — Тұңғыш жай түскендей селт етіп шалға жалт қарады. Еріндері әлдене деп күбірлеп, көз көбесіне көлкілдеп жас үйіріліп: «Аға-та-ай!» — деп баяғы кездегі әдетімен айқайлап жіберіп, иығына гүрс құлап түсті де жас балаша солқылдап жылады. Өмекей тәлтіректеп барып әзер құламай қалды. Азынаған ақыреттей суық үйде екеуі ұзақ отырып өткен өмірлерін әңгіме етті. Көп сөйлеген Өмекей, көп тыңдаған — сүйекші. Ол аманат тұсауын сыпырып, қараңғы түнде бет алды құла дүз қашып шыққан сонау кезден күні бүгінге дейінгі аралықты «диуана болдым, ендігі кәсібім сүйекшілік» деп бір-екі ауыз сөзбен айтып тындырды да, тіктеп қарасаң кісі сескенердей сұп-суық, өлі жанарын Өмекейден айырмай мелшиіп отыра берді. Өмекей сөйлеп отыр, сөйлеп отырып бір кездегі өзі аңдамай айтқан жалғыз ауыз сөздің бір бейбақты қандай күйге түсіргенін, енді ол күнәсін бұ жалғанда да, о жалғанда да өтей алмайтынын, тіпті сол күнәсін өтемек боп қолынан келер бар жақсылығын оның отбасына қанша үйіп-төккенімен мына дүниенің қызығы дегенге қарсы алдында отырған адамның селт етпейтінін, ендігі қалған өмірінде оған екі дүниең бір-ақ қадам екенін ұғынып, бойын сұп-суық, үмітсіз, үрейлі сезім аралап өте берді. Үкітайдың Шерәліні ақыры жеңіп тынып, оны бүкіл мал-жанымен өз қоластына қаратып алғанын айтқанда да, енді мақсатыма жеттім бе деп көңілді бір демдегенде, екі-үш жылдың ішінде төрт баласы түгел шешектен дүние салып, қайғыдан күңіреніп отырғанын есіттіргенде де, енді ғұмырының базары өтіп, мазары төнген шағында сонау кездегі бір жарлы шаңыраққа жасаған обалын еске алып, «егер сол бейшара тірі болса тауып кел, жақсылығымды аямайын, дүние деген жалған екен, кешірім сұрайын» дегенін жеткізгенде де ол елең етпеді, мұның бәріне күректің сабы сынған құрлы көңіл бөлген жоқ. Ақ киім жапсаң әруақ боп шыға келетін осы бір қаншырдай қатқан жанның ішкі сарайында тап қазір не жатыр: біреуге деген ыза ма, кек пе, өшпенділік пе — Өмекейге ол жағы да жұмбақ боп қала берді. Озбыр болсаң бір кезде біреуге жасаған озбырлығыңды өмір бақи

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35