еске алмай-ақ ғұмырыңа өзіңше көңілің толып тып-тыныш о дүниеңе аттана берсең, «пәленше өйтпеді-ау» деп былайғы жұрт күңкілдесе де көзіне айтпайды, өйткені сен әлдісің, әлсіздің күңкілін құлағың естісе де көңіліңе құиғың келмейді, өзіңнің озбыр болғаныңды олардың күңкілінсіз-ақ білгенсің, енді өлеріңнің алдында тәубеге келген боп мүләйімсімей-ақ, асқақ басыңды имеген күйі түк сезбегендей өтуден басқа амалың да жоқ. Бұ жалғанда жапа шеккен шерменде мен мүсәпірлер аз ба, олардың қайсыбірін ойлайсың, қайсыбіріне жақсылық жасап жарылқайсың, олардың бәріне жаның ашыса, өзің де шерменденің біреуі боп шыға келмейсің бе? Өмекей бұл жайлы толғанған, ойлаған сайын шаншудай қадалатын сол бір оқиғаны да, өлі-тірісі беймәлім аманат баланы да ұмытпақ боп талай тырысқан, тіпті, ұмыттым деп өзін-өзі алдаған да. Бірақ, сол қиянатының перезіден кейін жаңғырған қырсық жарадай ұмыттым-ау деген шағында қайта тіріліп, оның азабы барған сайын ұлғайып келе жатқанын сезді. Осының бәрін ол өзінен көріп, ырымшылдығым, уайьшшылдығым шығар, әсте сырқат Үкітай олай-бұлай боп кетсе, ел басқара алмаспын деп жүргенінде Үкітай аузынан аманат бала жайлы көңіл толқытар күтпеген сөз естіп, таңданып тұрып қалды. Асарын асап, жасарын жасаған болыс сол бір бейбақты санаулы демі қалғандықтан еске алды ма, әлде төрт ұлының төрт төмпек болғанын зәбір көрген мүсәпірлердің көз жасы-ау деп ойлады ма, әйтеуір сол бір жетімді өзі сияқты оның да ұмытпағанына Өмекей жүрегі жарыла қуанып, ат аяғы жетер жердің бәріне құлаққағыс қып, іздеу салдыртты. Өлдіге санап жүрген аманат баланы ақыры тапты, тапқанына қуанып өзі құстай ұшып жетіп еді, ол қуанышы үндемес сүйекшінің мынадай әуселесін көрген соң су сепкендей басылды. Енді оған пенде атаулының жақсылығы да, рақымы да қажет емес, тіпті, «мені қалай таптыңыз? » деп сұраған да жоқ, сонан соң Өмекей өз жігіттерінің ойда жоқта бір ноғай сүйекшіге кезігіп қап, жылы хабардың ұшын естігеннен кейін нобайлап осы жерге екі күн жүріп жеткенін айтқан да жоқ. Маналы бері өзіне сүзіле қарап үнсіз отырған Тұңғыш кенет орнынан ұшып тұрып, іргеде жатқан ұрының мылтығындай қып-қысқа сүймен темірді қолына алды. Сүйекшінің бұл қимылынан шошып кеткен Өмекей де қоса түрегелді. —Не болды, байғұс-ау, мұның қалай? —Кеше уәде беріп ем. Ұмытып барады екенмін. —Ол не уәде? —Кіндік бойы қазып қойғам. Сәскеге дейін бітіруім керек. Бір қой берем деп еді. —Бір қой емес, қалағаныңды берейін, менімен бірге жүр. —Жоқ. Уәде бергем, әруақ антын бұзбаймын. —Ендеше ертең жүр. Ол «болмайды» дегендей басын шайқады. — Ертең құран оқытуым керек. Өмекей үнсіз қалды. Әлден соң барып: —Онда күте тұрайын. Елге барған соң әке-шешеңе ас бергіземін, жүресің бе бірге? — деді. —Ас дейсіз бе? —Иә. Тұңғыш не деп жауап берерін білмей төмен
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35