қарап көп тұрды. Апыр-ау, осы кісі неге мұны жақын тартады, екі күншілік жерден неге іздеп келеді, неге бар жақсылығын аямай тұр? Мұның да баяғы диуана кемпір сияқты шын әулие болғаны ма? —Тұңғыш басын кетеріп, Өмекейге қарап тұрды да: —Мақұл, — деп күбір ете түсті. —Әп бәрекелді, Алла тілеуіңді берсін! —«Иманды бол» деңіз. Тұңғыштың өз өтенінде әке-шешесіне құран оқытып болған соң Өмекей осы ауылдан бір ат сатып алып, қатқақпен біраз жол ұтып қалайық деп таң қараңғысында екеуі жүріп кеткен. Таң атқанша көз ілмей шықса да уәде бұзбаймын деп борша-борша боп терлегенін, жамбасының шым-шым етіп қайта біз сұға бастағанын да елемей, нәр сызбаған бойы сағырдаң жерден ақымды моланы сәскеге дейін қазып бітірем деп әбден титықтаған Тұңғыштың беті қайтқан сарыбы қайта құтырып, түнемеге сандырақтап шықты. Бұдан әрі кешіге беруге ауылдан жаны тынбаған Өмекей сүйекшіні шидем шекпенмен қалың киіндіріп, атқа көтеріп мінгізгендей зорға отырғызып, әупіріммен әрең аттанған-ды. Олар шығысқа қарай созылған қара жолмен қырқа басындағы қорым жанына жеткенде сүйекші атын тежеді. Зират жанынан өткендегі әдетімен Өмекей де тоқтап, дұға қылғандай күбір етіп, бетін сипап қойды. Бұл жерге Тұңғыш талай келген, талай түнеген де. Алғаш қолына күрек алып қабір қазғанда бойын сұмдық үрей билеп, бір-екі ай бойы түсінен шошып оянып жүрген. Енді бәріне үйреніпті, тіпті, қайтып оралар-оралмасы белгісіз жолға кетіп бара жатқанда осы зираттар көзіне оттай басылып, көңіліне аянышты бір қимас сезім ұялатқандай. «Адам тозаққа да үйренеді» деген рас екен-ау, әйтпесе, қорымды қимау, қорымға бауыр басып, оның сұп-суық сұсты бейнесі көзге ыстық көрінуі деген ойға оғаш, құлаққа жат нәрсе ғой. Бұл қабірлердің көбісін осы қазған, оған бәрі таныс. Кім ақымда, кім лақытта жатыр, — өзгені ұмытса да, бұл есінде, тіпті, қай молада жатқан марқұмның артында қалған жанашыры берем деген уәдесін жұтып, ақырет парызын аттап кетті — ол да жадында. —Жүрелік, кідіріп қалдық қой, — деді Өмекей ақырын ғана. —Сол жаққа сүйегімді сүйретіп қайтемін. — Тек, пәтшағар! Жол үстінде олай деме. Жүр тез! — Сүйекші тізгінді босатып, болар-болмас тебінгенде Өмекейдің мініскер аты ілгері қозғала берді. Артта мұнартып кішкентай қала жатыр. Тұңғыш алғаш келгенде келдің екен-ау деп селт етпеген қала, енді кеттің екен-ау деп елең еткен жоқ, белгісіз жақтан белгісіз боп келіп еді, белгісіз боп кетіп барады. Бұл жоқ болса да таңның атысы, күннің батысы бір тынбайтын күйбең тіршілік тоқтап қалмайды, олар мұнсыз да туып, мұнсыз да өмір сүріп, мұнсыз да дүние сала береді. Екі жолаушы екі күншілік жолды үш күн жүріп, түс ауа бергенде ойпаңда жатқан ауыл қарасын көрді. Кеше түскен қырбық қар ой-қырдың бәрін біркелкі
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35