СҮЙЕКШІ

ақ шаршыға орапты. Әрбір үйдің төбесінен шыққан түтін тымық ауада оқтаудай тіп-тік көтеріліп, құс ұшар биіктікке жеткен соң тай қазандағы суға тамған бір тамшы қандай бірте-бірте сұйылып, әлдеқайда ғайып боп жатыр. Туған жер!.. Құл болсаң да, тұл болсаң да кір жуып, кіндік кескен топырақ! Екі атты жолдың төбеден төмен құлар шетіне кеп тоқтады. —Ано-оу қарауытқан тауды көрдің бе? Сол — Қабантау. Есіңде шығар, баяғыда ауа көшіп барып едік қой. Онда сенің анаң мен інің жатыр. Үйге жетіп, бел шешкен соң сонда барып құран оқимыз. Ал мына біз отырған ауыл –қай ауыл, танисың ба? Тұңғыш жауап қатпады. — Байғұс-ау, шынымен танымай тұрмысың? Бұл өзің өскен жер ғой, Шерәлінің ауылы. Қазір олар Қабантауға көшкен. Таныдың ба енді? Неге үндемейсің, айтсаңшы. Өмекей сүйекшіге қарағанда оның көзінен парлап тұрған жасты көрді… — Қой, жылама. Қайғыны да, қуанышты да жыламай көтеру керек. Міне, өз туған жеріңе келдің. Баяғыда бір білместік өтсе өткен шығар, басы жұмыр пенде емес пе бәрі де. Мені саған Үкітайдың өзі жіберіп отыр, енді бәрін ұмыт. Құдай қаласа өз алдыңа түтін түтетіп, өтен боласың. Әйел әпереміз. Бала сүйесің. Сонан соң шеккен азап, көрген қорлық естен шығып, ел қатарына қосыласың да кетесің. Әйел алғың келе ме өзіңнің? Ей, жылай бермей айтсаңшы, тілің байланып қалғаннан сау ма? Өмекей оны сергітпек боп иығынан түртіп қалғанда Тұңғыш аттан гүрс етіп құлап түсті. — Өй… өй, саған не болған? — Ол қарғып түсіп сүйекшінің басын көтерді. Сол кезде оның аларған жансыз көзін көріп, жуған шүберектей боп-боз боп, орнынан қалшылдай көтерілді. —Қу құдай, — деді Өмекей оның жас жуған жүзіне қарап тұрып, — соқыр құдай! Бұл байғұсты аманат боп жүргенде неге алмадың, диуана боп итке таланып жүргенде неге көрмедің, қарақшылардың қолынан неге өлтірмедің, сүйекші боп мола қазып жүргенде неге алмадың? Енді бұ бейшараға бір жақсылық жасайықшы дегенде қолымыздан кеп жұлдың да кеттің. О, опасыз жалға-ан!.. Тұңғыштың хабары шыққанда қайтсем де жеткіземін деп аттанған Өмекей ауылға оның сүйегін әкелді. Сырқатының беті бері қарап, далаға кіріп-шығуға жарап қалған Үкітай Өмекейдің аузынан бұл сөзді естігенде «не дейді!» деп сақалы шошаң ете түсті. —Ол қайда? —Қамыс қораның ішінде. Үкітай жайлап басып барып, қамыс қорада жатқан өліктің бетін ашты. Баяғы аманат бала. Әкесінен айнымай қапты. Бейшараның жүзінде реніш те жоқ, қапа да жоқ, талықсып ұйықтап кеткен адамдай жайбарақат жатыр. — Иманды бол, пақыр! Жігіттерге айт, алыссынбай шешесі мен інісінің қасына, Қабантауға апарып жерлесін. Алыстан кеп қалар деп күттіретін ағайын-туысы жоқ Тұңғыштың сүйегін ауыл кісілері ертесіне сәскеде шығарды. Оның өліміне ешкім жылаған жоқ. Өмірге

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35