жатқан кезінде күн ашық еді, аспанды бұлт торлап, батыстан ызғырық соғып тұр екен. Сызға тиген оң жақ иығы мен жамбасы алдырмай қапты. «Біткен екем, — деді ол күбірлеп, — болған жерім осы екен дә. Қайтейін». Ол буыны сытырлап орнынан тұрды, шекпенін қымтана түсіп, анау төменде, шағын қаланың бір түкпіріндегі өзінің кішкене үйіне қарай ілбіп қозғала берді. Жайшылықта сүт пісірім уақытта баратын үйіне бір сағатта әзер жетті. Мал түсірген бе, жел түсірген бе, терезе орнына тығылған жастық жерге домалап, аядай сызтамның іші азынап тұр екен. Терезені қайта бітеді. Үй ішін көрдегідей қараңғылық басты. «От жағу керек-ау!» Бірақ, оған отты қайдан тапсын. Көршілерден барып әкелейін деп еді, сүйегін сүйретіп қуыс үйіне құр сүлдері әзер жеткенде қайта шығуды қиынсынып, көз көрмесе де қол үйренген жердегі көрпелерін қалың етіп салды да, үстінен киіз жамылып тарс бүркеніп жата кетті. «Шіркін-ай, ыстық қоламта болар ма еді, — деді ішінен. — Суырып алғандай шаншу таппа тыйылар еді-ау». Бұрын жамбасы ауыра қалса кір шүберекке қоламта орап, шаншу қадалған жерге басып жата қалатын, таңертең сен көр, мен көр құлан таза айығып шығатын-ды. Қазір оған шама қайда, әл қайда. Марқұм әкесі де солай ететін еді. Сәлден соң бойы жылынайын деді. Таң атқанша тырп етпей осылай жылы бүркеніп шықсам сауығьп кетермін деп көзін жұмды. «Емнің үлкені –жылы төсек, тыныш ұйқы». Бұл қайдан есіме түсіп жатыр? Ә, ә, әкем марқұм айтушы еді-ау. Иә, ұйықтап алайын. Бірақ, ол қанша тырысса да неге екені белгісіз көз іле алмады, басы ию-қию шуға толып, ойына қай-қайдағы бір оқиғалар орала берді. Бірде жартысы бітпей қалған мола, бірде үй ортасында шоғы қып-қызыл боп шытырлай жанып жатқан сексеуіл, онан соң буы бұрқырап тұрған жас сорпа, енді бірде сонау-сонау кездердегі әке-шешесі елес берді. «О, бейшаралар, —деді ішінен. — О, бейшаралар»… Кеше әке-шешесі түсіне кіріпті. «Дәметіп жүр-ау. Пұлым жетсе бір мал алып, құран оқытып жіберейінші. Бүгін тым болмаса екеуін де бітірмегенімді көрдің бе». Сол жақ қырына аунап түсті. Ұйқы атаулы аунап түскен сәтінде шашылып қалғандай мүлдем қашып кетті. Осы сәт жылымшы бір нәрсе самайдан өтіп, құлағына жетіп тоқтады. «О, тоба, мұным не бұл, жылағаным не тағы?» Ол жасын сүртейін деп еді, киіз ашылып, енді-енді беті қайта бастаған шаншуым қозып кетер деп қозғалмай жата берді. «Қой, жыламайын. Өлі әруаққа да, тірі әруаққа да жылаған жақсы емес». Ол қайғылы балалық кезінің сонау бір сәттерін есіне алды. * * * Оның бала болса болғаны рас шығар, бірақ, балалық шағы болған жоқ. Әкесі Қомша алдында мал, басында бақ, артында арқа сүйер туысы болмаған соң көп
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35