СҮЙЕКШІ

өмірін кісі есігінде жалшылықта өткізіп, жасы жер ортасынан ауып бара жатқанда бір жетім қызға қосылып, екі жылдан кейін перзент сүйді… Сәбидің дүниеге келгенін екі қоңсы кемпірден басқа ешкім білген жоқ. Қолынан келер өзге кәсібі жоқ Қомша малды ауылдардың қырық-елу құлаш құдығын қазып, ел аралап кеткен-ді. Түн жарымы ауа үйіне келгенде жас нәрестенің иісі бұрқ етіп, сол иістен ет-жүрегі езіліп, босағаға сүйеніп тұрып қалды. Әйелі тез көтеріліп, ортадағы көмулі шоқты ашып қалғанда үй ішіне қызғылт жарық түсіп, ауыр жұмыстан шаршап-шалдығып келіп тұрған өз күйеуін көрді де, қуанғаннан күлімсіреп төмен қарады. —Көп кешіктіңіз ғой. —Құдық терең болды. Атын кім қойдыңдар? —Сізді күтіп отырмыз. Қомша төрдегі бесікке келіп, жабулы көрпені жаймен ысырды да, пысылдап ұйықтап жатқан нәрестенің маңдайынан ұзақ иіскеді. Ортадағы шоқтың беті қарауытып, үй іші күңгірт тартып бара жатыр. Қомша от басындағы әйелінің жанына келіп, жерде жатқан көсеумен шоқтың көзін тағы ашып қойды. Қызғылт жарық түндікке барып тірелді. —Тұңғышымыз ғой. Атын Тұңғыш қояйық. —Айтқаныңыз болсын. —Көрші-қолаңдарға қазан астың ба? —Сізді күтіп отырмыз. Пышаққа ілінер мал қайда? — Ертең шақырып жіберейік. Бір ай төккен терім Тұңғышымнан садаға. Әйелдің жүзіне күлкі үйірілді. «Пышаққа ілінер мал қайда? » — деп айтуын айтса да ерімнің көңіліне қаяу тастап, қу жоқшылықтың тақілетін тағы есіне салдым-ау деп іштей өкініп, әрі зеку естіп қалар ма екенмін дегендей қипақтап қалып еді, «бір ай төккен терім Тұңғышымнан садаға» деген сөзді естігенде, ерінің бұл жолы бұрынғыдай емес, олжалырақ оралғанын сезіп, іштей қуанып қалды. Отты тағы көсеп жіберді. Үй іші жап-жарық боп, бесікте жатқан баланың қызыл шырайлы жүзі көрінді. Қомшаның екі басы үшеу болып, тіршілік тауқыметі бұрынғыдан ауырлай түсті. Ол өзгелер үшін шөп орды, құдық қазды, мал бақты, басқа жұмыс болмай қалғанда ерсі көрмей арқан да есті, тезек те терді. «Қатыным бар, балам бар. Қатын болса түсінер, бейкүнә бала не білсін, жоқ дегенді ұғар ма? Одан аяған шыбын жаным шырқырап көрге кіре қойсын». Осылайша, тіршілік қамымен қарбаласып жүріп ашты-тоқты өмірдің тоғыз жыл артта қалғанын Қомша аңғармай да қалды. Әйелі бұдан кейін екі құрсақ көтерген-ді, бірақ, алғашқысы үш айлығында шетінеп, одан кейінгісі іштен өлі туды. Бұл оқиға екеуінің қабырғасын қақыратып, он жасқа қартайтып кетті, әйтсе де жарлының жалғыз жұбанышы — жаратқан ғой, екеуі «тәңірі маңдайға не жазса соны көрерміз, одан пенде қашып құтылған ба? Жалғыздың ғұмырын алладан жыламай тілейік» деп өздеріне-өздері басу айтып, көз жасын әрең құрғатқан. Құдай бір адамның соңына қашанғы құрық алып түсе берсін, ақыры олардың тілектері қабыл боп, әйелі бір ұл туды, енді міне, бұлардың шаңырағына тағы бір қуаныштың құсы келіп

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35