СҮЙЕКШІ

қонғандай болды. Кеше Қомша ауылдың молдасы Бәдіғұлмен сөйлесіп көріп еді, жарықтық, әулие кісі екен ғой, мұны жылы қарсы алып, биылдан бастап балаң менен оқи берсін дегенді айтты. Ақы да сұрамады. «Ер мойнында қыл арқан шірімес, бірде болмаса бірде қайтар» деді. Қомшаның төбесі көкке жетіп, үйіне құстай ұшып келді. Молдекем ақы сұрамағанмен түк таппағандай құрқол баруды басына ар санап, баласын оқуға апарғанда қазығына бір қараны көнімді сатсам да байлармын-ау деп бекінді. Оқуға үш ай қалды, оған дейін екі құдық қазса екі қой неге таппайды? Қорада бір бұзау, үш қой бар. Бәрін сатса қалай да бір қараның басын кұрайды емес пе? Іздегенге сұраған, арада екі-үш күн өткенде көрші ауылдың ескі құдығы құлап, жаңасын қазатын кісі іздеп жүр екен деген хабар келе қалды. Бұл өңірдің құдығы кемінде отыз-қырық құлаштан кем болмайды. Қолына кетпен ұстаған жанның бәрі қазуын қаза алар-ау, бірақ оны шегендеп, тастай өріп тастайтын шебер ілуде біреу-ақ. Осы хабар жетісімен Қомша кетпені мен сүйменін арқалап әлгі ауылға жетіп келді. Оның шеберлігін жұрттың бәрі біледі, «әдейі іздеп келдім» дегенде басы Тілеуберді бай болып қатты қуанып, «құдықты жақсы бітірсең бір емес екі қой аласың» деп уағда байлады. Көктен іздегені жерден табылып, Қомша қасына бір серік алды да, жатпай-тұрмай жұмысқа кірісіп кетті. Жиырма жеті күн дегенде барып саз балшыққа жетіп, жиырма сегізінші күні сынаптай жылтырып су да көрінді-ау, жарықтық! Ол арқанды тартып қалды — су шықты деген белгі. Шыңыраудан қарағанда инедей боп қылдырап көрініп тұратын серігі лезде жоқ болды, қуанышын басқаларға айтуға кетті. Сәлден кейін құдық басына адамдар үйме-жүйме жиналып қалды. Түйемен жеткізілген Сырдың сексеуілін арқанға байлап, төмен түсіріп жатыр. Қомша таңертеңнен бері қазған жерін өріп шықты да, тізеден су кешіп жүріп тағы да жарты құлаштай тереңдетті. Ол құдықтан шыққанда кеш батып қалған еді. Жиналған жұрт қаумалап ортаға алып, құдықтың тез біткенін, құдай бұйыртса екі-үш жылға шейін суы сыр бере қоймайтынын, Қомша-сынды шеберге тағы біреуін қаздырып алса құба-құп боларын айтып, мақтасып жатыр. Бірер күн болып, демалып қайтарсыз деген жұрт сөзіне көнбей, қатын-баласына асығып, тырнағы ілініп жүрген Қомша тиесілі екі қойын жетектеп, жеті түнде ауыл иттерін абалатып үйіне тартты. Үйде аунап-қунап бір жетідей әл жиған соң басқа бір бай ауылына барып, екінші құдық қазуға кірісті. Жиырма құлаштай тереңдікте әлі дымқыл тартатын түрі жоқ қасаң топырақты сүйменмен түйгіштеп жатып ол баласы жайлы тәтті ойға берілді. «Балам оқуды бітірсе, пәленшенің ұлы ғұлама молда екен, оқу атаулының түбіне жетіпті» деп жұрт гуілдеп жүрсе. Оған жақсы жерге құда боп, келіншек әперемін, жұмыртқадай ақ отау тігіп беремін. Келін айналайын азанмен тұрып,

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35