СҮЙЕКШІ

кеткен бе, қайтеді-ей! Қомша сұлу мұрттың кеудесіне бүркіттей қонжиып, алқымын езіп жібергенде, ол өлердегі сөзін айтып, «енді тимеймін, көкетай» деп безек қақты. Екі жігіт қарап тұрсын ба, ұмар-жұмар боп жатқан екеуге жетіп келіп, Қомшаны аударып түсірді. Опай-топай алыс басталып кетті. Үйілген сары топырақ құдық ішіне сауылдай төгіліп жер астынан шыққандай ақ тозаң аспанға көтеріліп жатыр. Шыртиып киінген сері жігіттер барқыт бешпенттерінің рәсуә болғанына да қарамай үшеуі үш жақтан жабылғанымен, жалғыз құдықшыны ала алмай «ой, әкеңнің» деп ызаланумен жүр. — Сүйменді, сүйменді әкел! — деді құдықшының астында шаң қауып жатқан барқыт бешпенттің бірі. Қомшаның жүрегі су ете қалды. «Шынымен бе? Шынымен мына үшеудің ойы бұзылғаны ма, бір мені тым құрыса матап байлап кетуге шамалары жетпеген соң сүйменмен соқпақ па? Астапыралла!» Ол орнынан атып тұрып артына жалт қарады. Манағы құдық ішіне шүмектеткен жігіт сүйменді көтеріп, ұруға оңтайланып кеп қапты. Қомша жалт бергенде ауыр сүйменнің салмағынан өзін-өзі ұстай алмаған жігіт әлі шаңы бұрқырап жатқан жиырма құлаш құдыққа өкіріп құлап түсті. Төбелес пышақ кесті тыйыла қалды. Үшеуінен ес кетіп, құдыққа үңілді, будақтаған шаңнан ешнәрсе көрінбейді, тек ыңырсыған дауыс қана естіледі. Әлгі жігіттің бірі сол сәтте «ой, бауырымдап» сарнап қоя берді де, атына отырып ауылға қарай шаба жөнелді. …Жігіттің мойын омыртқасы үзіліпті, сол күні жұлдыз шыға жантәсілім етті. Ол — осы ауылдың атақты байы Доскейдің үш күннен соң үйленгелі отырған ортаншы баласы екен. Қомшаның келешек өміріне армандай боп, ту алыстан сәуле шашып, оның әйеліне де, өзіне де ұйқы бермей алға сүйрелеген балдай тәтті үміт жел үрлеген шамдай лып етіп сөнді де, бұдан былайғы тіршілік жолын қараңғылық басты. «Бай баласын құдыққа итеріп өлтірді» деген жаладан қара басымды арашалап қалармын деп бөтен ауылдың ақсақал, қара сақалдарының шешімін күтіп бір жеті Аллаға жалбарынумен жатты. Бірақ, үміт зая болды. Ол байдың ұлын өлтірген қандықол боп табылды, оған куә — әнеукүнгі екі жігіт. «О, қу құдай, маған енді құдық қазып күн көруді де көпсінген екенсің ғой!» деп аһ ұрғанда, оның екі көзінен жас пырт етіп ытқып кетті. —О, бейбақ, — деді төрде отырған шал үнсіздікті бұзып, — осылай боларын білмеп пе ең. Мұсылман мұсылманның өлтіргенін көрмек түгілі естіген жоқпыз, сенің қалай дәтің барды? —Ақсақалдар-ау, өлтірген мен емес, түсінсеңіздерші, жіксіз күйіп барамын ғой. Үй бетін көрмей құдық қазып тапқан өнімсіз қаржыма қарап отырған қатын-балам бар, соны аясаңыздаршы түге! — Доғар. Қандықолыңды қатын-балаңның обалын айтып жуа алмайсың. Бүгін кісі жібертеміз, жаны ашыса ауылыңның әкімдері айыбыңды төлеп алып кетер, жаны ашымаса өзің төлейсің, қолыңда малың жоқ екен, аманат тапсырасың, ер құнын өтеп болған

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35