СҮЙЕКШІ

күні аманатыңды қайтып аласың. Салған айыбымыз — отыз түйе, отыз жылқы, отыз сиыр. …Қомша кеткен кісілердің жақсы хабармен келуін екі күн, екі түн бойы кірпік ілмей ұзақ күтті. Бастарына төнген қара күнді естігенде баласы мен әйелі не күйде болды екен? Оған бәрінен бұрын бататыны осы. Ақыры сарыла күткен кісілер де оралды. Шерәлі бай көнбепті, «Қомша дегенді керек десең танымаймын да, көрінген дуананың айыбын өтей беретін далада шашылып жатқан малым жоқ, пісіріп жесеңдер де мейілдерің, аманатқа баласын бере берсін» депті. Қомшаның көз алдындағы дүние төңкеріліп жүре берді де, сылқ етіп құлап түсті. Арада екі күн өткен соң үш айдан кейін оқуға бермек болған тоғыз жасар баласын қолынан жетектеп әкеп аманатқа тапсырып, кеудесі өксікке толып кете барды. Туған үйінің босағасына қай кезде қайтып ораларын да, жат жұрттың арасына неге, не үшін келгенін де, қоштасып жатып бетінен сүйген сәтте әкесінің не себепті көзіне жас алғанын да толық аңғара алмай, әйтеуір бейтаныс жерде қалып бара жатқанын ғана сезген баланың жасқа толы көздері жәутеңдеп, «көке-е!» деп еңіреп қала берді. «Тірі болсам жазға дейін жетермін, ұлым!» деп көкірек шері мен қайғысын баласына байқатпауға тырысып, әке сырт айналды да, тез-тез басып жүріп кетті. Жаз өтіп, күз келді, бірақ, қайта оралған әке болмады. Сонау беткейден бері құлаған сары жолдан қылтиған қара көрінсе де «әкем бе екен» деп екі көзі төрт болып, тумай жатып жалғыздық жапасын шеккен қаршадай аманат бала тірі жетім, кісенсіз тұтқын боп жол тосумен жата берді. Сол жолдан көрінген қараның басқа емес Қомша болуын аманат бала былай тұрсын, Доскей де тағатсыздана күтті. Бұл баланы қолда ұстап отыра бергенде не табады, одан келер пайда қайсы? Бала етіп асырап алатындай ол перзентке зар боп отырған жоқ, барымташы, сойыл соғар етіп баулиын десе оның да ретін таба алмады: қанша дегенмен кеудесінде мейіздей қатқан кегі бар жат бала емес пе, ес білген соң елін тауып, оған жіберген еңбегі зая кетумен тұрмай өзіне қарсы шауып жүрсе қайтеді? Ортаншы баланың қалың малына өткізген қоралы қой, қыруар дүние бар, тым болмаса соның ізі жабылсын деп салған айыбын төлеп, аманат баласын алып кетер не әке, не шеше, не бір ағайын-туыстарының осы кезге шейін ат іздерін бір салмауы оның ашуын келтірді. Кей түндері әкелік мейірімі ұстап, «өлер бала өлді, отқа тамызар майы жоқ, жерге қараған тақыр кедей екенсің, лағынан айырған киіктей тірі жетім етіп не табам, ал балаңды» деп аманатты апарып тастауды да ниет етіп көрді. Бірақ, бұлай етсе кек заңы, құн заңы бұзылып, өзін өлген баласының әруағы алдында, намысын кегі кеткен жауы алдында жығып

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35