ТІРШІЛІК

байқамай шығып кетіпті. Әйтпесе, — ол кесеге шай құйып әрі ұзатты, — әйтпесе салмағымды басқаға салып қайтемін. «Қолтығымнан демеңіздер» дегенде мал сұраған жайым жоқ еді, ақылшы болыңдар, жанашыр болыңыздар демек ем. Қой соңында жүргенде қасқыр жеп кеткен әке-шешемнің табаны мен алақанын ана қырдың басына әкеп, он екі мүшесі сау адамдай жұрт қатарлы қастерлеп, осы отырған сіздер жерлегенде, мен он екі-он үштегі бала едім, қазір өздеріңізбен бірге көкнәр ішіп, «үйленсем» деген дүдәмал ойымды білдіріп отыруым да, құдайға шүкір, тағы сіздердің арқаларыңыз, елдің арқасы. Менің әкем де, шешем де, балам да, бауырым да — сіздерсіздер. Арнайы барып айтсам жылу сұрағандай болармын, далада айтсам ақылы толмаған баладай көрінермін деп өз шаңырағымның астында ақыл-кеңес сұраған түрім ғой. — Әлбәттә, әлбәттә. Жүд-дә дұрыс! — деді сақал сауған шалдар бас шұлғып. Төрде жамбастап жатқан ақ шал түйе таптағандай мыж-мыжы шыққан қоға жастықты бауырынан алып былай қойды да, құран оқитын адамдай малдасын құрып тіктеп отырды. — Көрелік, — деді ол алдындағы бос кесені айналдырып отырып. — Осы ауылдың әр үйіне бір жабағылық бейнетің сіңген шығар, үйленем деген ойың болса, әр түтін бір-бір жетім тоқтысын аяп қалар деймісің. Айтқаныңның ағаттығы жоқ, бәрі мақұл, бәрі құп. Басқаларға да жеткізейік, олар не дер екен. Солай емес пе? — Әлбәттә, әлбәттә… Бұдан соң әңгіме көпке созылған жоқ, самауырдың гүжілі басылар-басылмастан босағада жатқан көп кебістің бірі де қалмады. Молдарәсіл жападан-жалғыз ұзақ отырды. Бұл шаңырақтың астында ол бір бүгін емес, орнынан тұра алмай кәріп боп та жатқан. Бірақ, солардың бірде-бірінде де ол дәл қазіргідей жалғыздық сезініп, көкірегін белгісіз мұң аш мысықтай тырнамап еді. Ол ағаш табақты бері тартып, былбырап жібіп тұрған көкнәр қалтаны бар күшімен быж еткізіп қысып қалды. Көкнәрдің табымен сарғыш тартып тұрған су лезде қоп-қоңыр боп шыға келді. Тізерлеп отырып алып тұзы ащы қамыр илегендей бар салмағымен тағы да езді. Су ағаш табақтың түсіндей қап-қара болған кезде ол басқа ыдысқа құйып жатпай-ақ, ернеуінен басына бір-ақ көтерді. Сонан соң самауырға қарама-қарсы отырып алып білекті түрініп тастап, жалғыз өзі шайға кірісті. Бұл үйге әуелден-ақ көп адам келе бермейтін, ал бүгінгі мәслихаттан кейін басқалар былай тұрсын, қолы бос еріккен шалдардың өзі бас сұғуды қойды. Молдарәсіл екі-үш күн бойы далаға шықпай жатып алды. Өлі ме, тірі ме дейтін бір пенде болсашы. Дәл осы кезге шейін ол өзін осы ауылдың бел баласы санап, егер ауырып-сырқай қалсам бүкіл жұрт боп шулап, көңілімді сұрауға шұбырып келетін шығар деген берік байламда еді, бірақ екі күннен бері есігінен тірі пенденің сығаламауы алдың күні-ақ шалдардың сөзінен секем алған көңілін біржола суытайын

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61