деді. «Япыр-ау, сонда пәленше-екем мынадай, пәленше-екем анадай» деп арқадан қағып, қолпаштап жүрген талайлар мені оп-оңай-ақ ұмыта салғаны ма? Мен іздемесем, мені іздейтін бір адамның жоқ болғаны ма сонша? Осы бойы өле кетсем, жаназам да шығарусыз қалатын түрі бар-ау, шамасы!» Оның осы ойын аңдып тұрғандай, сыртқы есік шиқ етіп оқыс ашылды. «Әп, бәсе, — деді ол жүрегі лүп етіп, — әп, бәсе, неге іздемесін, неге жоқтамасын. Келді ғой біреуі!» Келген адам ішкі үйге кіргенше ол көрпесін бүркенген бойы қимылсыз жата берді. — Молдарәсіл! — деді анау ентіге сөйлеп, — ау, Молдарәсіл! Ол көрпесінен басын қылтитып келген адамға қарап: «Әу», — деді ауру адамдай ақырын ғана. — Ойбай-ау, аяқ жағыңда жиылмаған дастарқан, бұ жатысың қай жатыс. Тұр, бол! — Не боп қалды? — Не болғанын қайтесің, тұр жылдам! Таңатар ақсақалдың кенже қызын түнде біреулер алып қашып кетіпті. Іздеу керек! Молдарәсіл орнынан салбырап, еріне көтерілді. Басын таңып алған үлкен шаршы орамалын шешіп белін буынды. — Кімдер екен? — Ит білген бе, кім екенін. — Жүре бер, қазір барам. Келген адам шығуға беттей берді де, көкнәр езген дәу табаққа бір, Молдарәсілге бір қарап: — Өзің әбден киеван боп алғансың ба, немене? — деді. Молдарәсіл тырс етіп тіл қатқан жоқ, үндемей киіне берді. Жауап ала амаған сұрақ иесі ет шайнам уақыт әрі-сәрі боп тұрды да, тез-тез басып шығып кетті. Ауылдан күн қазық бойы көтерілгенде төрт жігіт боп шыққан бұлар ат ізімен жүріп отырып, түс ауа қызды алып қашқан үш жігітті Сайрамға жетер-жетпесте қуып жетті. «Аяқ-қолын байлап, аузы-мұрнын таңып әкетпесе өз еркімен кетпейді» деп ауыл боп ақтаған қыз бір өзі жеке атқа мініп, үш жігіттің ортасында сылқ-сылқ күле-еп бара жатыр. Түстік жерден өткен соң қуғыншы келе қоймас деген жігіттер ат тізгінін бос тастап, қарқ-қарқ күліп, қаннен-қаперсіз жүріп келеді. Бір қырдан аса бергенде алдын орап сабаудай төрт жігіт өкпе тұстан сау ете қалды. Қарқ-қарқ, сылқ-сылқ күлкілер пышақ кесті тыйылып, батырсынған үш сабаз мәді көргендей тілдері күрмеліп қалды. Намыс кернеген қарулы төрт жігіт қарап тұрсын ба, аналар есін жиям дегенше аттан аунатып түсіріп, мес қып сабап, шылбырларымен үшеуін қатар-қатар ат құйрығына байлап, қойдай тізілтіп айдады да жіберді. Үшеуін тізбектеп байлаған атқа қамшы басып қалғанда өкшелері жерге бір тиіп, бір тимей қыз алып қашқан батырлар дедектеп алып жөнелді. — Ауылдары жақын қалып па еді? — деді Молдарәсіл ебіл-дебіл жылап тұрған қыздан. Қыз үндемеді: — Жақын қалып па еді деймін, айт жаныңның барында! — Иә… — Е, онда өлмейді, тізбектеліп қазір-ақ жетіп барады. Төртеуі жер жаңғыртып қарқылдай күлді. — Күйеу
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61