ТІРШІЛІК

бала қайсысы? — деді төсін жүн қаптаған жалтырбас біреуі,— алдындағысы ма, артқысы ма, әлде ортасындағы ма? — Соңғысы… — Аха-ха-ха-ха!.. — Бә… Бәсе, жаутаңдап қарай береді. —Қайтсін-ай, ғашық деген оңай ма, қимай барады. — Өзі жақсы жүгіреді екен, ә! Аттың құйрығына бекер байлаппыз, күйеу баланың құйрығына атты байласақ қой, ендігіде үйлеріне де жетіп қалар еді!.. — Ах-ха-ха-ха! — Уһ-уһ-уһ-уһ. Ел жатар уақыт болса да сеңдей соғысып, тайлы-тұяғымен далада өріп жүрген шағын ауылдың барша адамы бұлар қашқан қызды атқа өңгеріп әкелгенде желді күнгі қураған қамыстай шулап қоя берді. Бірер сағаттан соң арыны басылған өзендей шу да бәсеңсіп, жөнді-жөнсіз сабылған адамдар саябырсыды, «ол қызды өз қолыммен өлтірем» деп дүйім жұртты қырып кете жаздаған қыздың бозаға мас бір жақын туыс ағасының мастығы тарқап, түн жарымында шай ішуге отырған көп кісілердің етек жағынан момақан пішінде орын алды. Қыздың әке-шешесі бетімен жер басып, дәл бүгін өлік шығарғандай үнсіз отыр. — Заман бұзылды, — деді бір шал, бастары салбырап, шай сораптап қана отырған үй толы кісілерді селт еткізіп. — Иә-ә, заман бұзылды, — деді екіншісі жүкаяққа шалқалап. — Ақырзаман деген осы-ы… Елең еткен жұрттың қолындағы кеселер бір сәтке төмен түсіп, екі шалдан тосын да сұмдық бір кесім күткендей біраз мүдіріп қалып еді, сөз бұдан әрі өрбімей тұйыққа тіреліп тоқтап қалған соң кесе біткен ауызға қайта өрлей бастады. — Жігіттерге боза құйындар, — деді заманға өкпелі шал осы үйдің қожасындай өктем үнмен. — Құдайға шүкір, бас аман, мал түгел, түн жарымда бастарың салбырап жаман ырымға бастамаңдар. Қызымыз қашты, бетімізге салық екені рас, бірақ жат босағаны аттатпай жолдан қайырдық, онымыз әбүйір. — Шал аздап жымиып, бағана жұртты қырып кете жаздаған жігітке иек қақты. — Әй, батыр, жалғыз өзің іше бермей, өзіңнен бірдеңе қалған болса мына жігіттерге де әкелсеңші, — деді. Жұрт гу ете түсті. Абыр-күбір сөз, күлкі басталып, шайдың сорапталған дыбысы өшті. Үш түн көрген салқын бозаға толы тостақ, ішем деушілерді екі-үш қайтара аралап шыққанда, жігіттер аяқтарын көсіліп, желпініп қалды. Жұртқа боза құйып, өзі қазан үсті ожаумен ішіп отырған манағы жігіт әп-сәттің ішінде қайта еліріп шыға келді. Сол жақ бүйірдегі қара көлеңкелеу шетте, жұпыны дастарқанды төңіректеп отырған он шақты әйелдер мен қыздарға қарап «бәріңнің!»… деп сыпыра бір боқтап алды. — Көрдіңдер ме, қашқан қыздың күні қалай болатынын! Жатыр әні аяқ-қолы байланып. Енді ол жұртқа қайтып қарайды, жұрт оған қайтып қарайды. Екінші маған айтпай аяқтарынды қия басып көріңдерші, алдымен өзім өлтірейін! Жігіттер қарқылдай күлді, шалдар жағының иығы селкілдеді. — Ойбай-ау… сонда саған айтып кеткен қыз қашқан боп есептелмей ме?

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61