ТІРШІЛІК

— деді шалдардың бірі. — Есептелмейді! — деді ол үзілді-кесілді қолын сілтеп. Жігіттер қыран-топан, шалдар жағы қарқылдай күлді. — Неге күлесіңдер, — деді ол еліріп, — неге күлесіңдер! Менің әкем жүз он бірінде өлген, биыл жүз он жетіге келеді. Осы отырған бәріңнен менің жолым үлкен, керек болса бәріңді боқтауға қақым бар. Сондықтан қашам деген қыз маған айтпай кететін болса, барған жерлеріңде тойынды топалаңға айналдырып, шаштарыңнан сүйреп әкелемін. — Ол орамалдарымен ауыздарын басып, сылқ-сылқ күліп отырған қыз-келіншек жаққа қарады. — Неменеге жырқылдайсындар, о бәріңнің!.. — Қой, ей, Сіргебай, бәрін боқтама, — деді жүкаяққа арқасын тіреп отырған шал жымиып. Реті келсе қайнағаларымен де қақтығыса беретін әзілкеш, алғырлау бір әйел сөзге араласты. — Сыпыра боқтады деп шамданбаймыз, ата. Міргебай қайнымның бір боқтағаны бәрімізге неден тиеді дейсіз. Томырайып басталған әзіл-күлкі тасасында қалған төрт жігіт еске түсіп, ендігі назар соларға ауды. Елдің елдігін танытатын, елді ел қып ұстайтын — Сіргебай сияқты қазан бұзар үй тентектер емес, кеудесінде намысы бар осындай жігіттер екені айтылып өтті. Сөз соңында билік жүргізіп отырған төрдегі шал: — Ал, жігіттер, сендерге жұрт риза. Көсегелерің көгерсін, — деді. — Қызымыздың қайтқаны қуаныш емес, намыстың қайтқаны қуаныш. Не қалайсыңдар, ұялмай айтыңдар қане. Жігіттер қипақтап үндей алмай қалды. — Төртеуіңе төрт ат мінгізген дұрыс-ау, — деді заманның бұзылғанын растап, бас шұлғыған шал. — Таңатар сияқты байға со да сөз бе! Екі шал иығына барқыт бешпет жамылып, күні бойы әзіл-күлкіден оқ бойы алыс отырған Таңатарға сұраулы пішінде көз тастады. Ертеңгілік Молдарәсілді шақыра келген жігіт осы тұста сөзге араласып әзілдеген болды. — Молдарәсіл атқа мініп қайда барып жатыр. Мінем десе осы ауылдағы бүтін тұяқтың бәрі соныкі емес пе. Одан да оған жарты қап көкнәр беру керек. Бұл сөздің ойын-шыны екенін түсінбеген шалдар енді Молдарәсілге қарап еді, ол қызарып төмен қарады. Жиын-топта сөз айтып көрмеген байғұс не деп жауап берерін білмеді. «Өзгелерге бір-бір ат, саған бір атым насыбай берейік, ризамысың?» десе, дәл қазір ол сыйлық салмағын көңілде таразылап жатпай-ақ бас шұлғып разылық білдірер еді. — Ал қане, айта ғой қалауыңды, ұялма. — Ұялатын несі бар, көкнәр ғой қалауы, — деді әлгі жігіт. Молдарәсілдің іші мүсатыр жалағандый мұздап кетті. «Неменеге қабаттаса қалды қақаңдап?» — Болсын ендеше. Үш ат, жарты қап көкнәр. — Көзін жерден көтермеген бойы Таңатар тіл қатты. — Серіктеріне басы бүтін ат беріп жатқанда, Молдарәсілге жарты қап көкнәр беріп шеттетпейік. Бір қабын алсын. — Әумин! Игіліктеріңе жаратыңдар! * * * Молдарәсіл бір қап көкнәрін арқалап, үйіне таң ата келді. Шам жаққан жоқ. Шақпақ шағып, білте тұтатып

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61