жататын уақыт қайда. Кірген бетте көкнәрді бұрышқа тастай салып, төрге барып етпетінен құлай кетті. Көкірегі удай ашып, екі көзінен жас сорғалай жөнелді. Неге, не үшін жылап жатқанын өзі де білмеді. Тіршіліктің әр күнге бөлінген ыстық-суығы мен ауыртпалығы қанша салмақты болса да, сол ауыртпалық жүрегін қанша тырналап, көзін жас буса да ол меңіреу үйіне сүйретіліп кіріп, беймаза түнді жастық құшақтап өткізген соң-ақ көкірегіндегі кірбің сібірлеп атқан таңдай бірте-бірте сейіліп, орнынан тұрғанда бәрін ұмытушы еді, бірақ, дәл осы жолғы қалжыңға қайып тігілген кемсіту мен қорлық жілік басына үймелеген сарысудай, ертеңгілік көзін ашқанда да, көңілінен кетпей кілкілдеп тұрып алды. Оянған бетте аяққа мінетін қанға сіңді қасиетін бүгін ұмытып, кірпігін бағана ашса да көрпесіне көміліп әлі жатыр. Қарақшылар сабап кеткен айдаушыдай бойы дел-сал. Ол осылай тал түске шейін қимылсыз жатты. Бұл ауылдан біржола күдер үзіп, бет алды құла дүз лағып кеткісі де келді. Бірақ сағалар пана, сүйенер тірек қайсы? Кіммін деп барады, кімге барады! Әлде бәріне қолды бір-ақ сілтеп осыдан жеті-сегіз күндік жердегі нағашысына тартып кеткені жөн бе екен? Баяғыда есі кіріп қалған кезінде әкесімен бірге барып қайтқаны бар еді. Бірақ, олардың да айдағаны, баққаны жаттың малы еді ғой, қайбір жетісіп отыр дейсің. Жолын да ұмытып қалған шығармын. Молдарәсіл орнынан кенет атып тұрды. Жуыла-жуыла шуып тізеге жеткен ақ дамбалмен шолтаңдап кеп самауырдың құлағына жармасты. Ішіндегі орталау суын еселеп, далаға алып шығып жаңқа тұтатты да, оны оттыққа тастап, үстіне бұталған жыңғыл салды. «Іш деп берген екенсіңдер, ішейін…» «…Игілігі-ме жаратай-ын!..» «…Молдарәсіл атқа мініп қайда барып жатыр!..» Самаурын қайнаған соң түтінін басып үйге кіргізді де, дәу табаққа шіпілдете су құйып, қалтаға екі қос уыс көкнәрді бір-ақ салды да, жібуін күтпестен асығыс, ызалана езе бастады. Баппен емес күшпен езілген көкнәр суы біркелкі қоңырқай түстен айырылып, табаққа бір шым-шым сеңкенің ұнын араластырғандай ақшылтым боп шықты. Маңдайының терін сүртіп, ентігін басып біраз отырған соң он шақты кесеге қатар-қатар шай құйып қойды да, табақты үш демалып бітіріп, тізілген кеселерді шетінен сораптай бастады. Аш өзекке түскен көкнәр буынын тез байлап Молдарәсіл тоғызыншы кесені алғанда, мүлгіп кетті. Кесе қолдан құлап, шым-шым шайдың тізесіне құйылғанын ол сезген жоқ. Ауыл адамдары ымырт үйіргенде Молдарәсілдің ес-түссіз талып жатқан үстінен түсіп, ақ беріп ажалдан құтқарып алды. Сол күннен бастап ол Киеван атанып кетті.
КЕМПІРІ
Шүйкедей қара кемпір көзін ашқанда терезеге тұтылған күнқақты газеттен үй ішінде кепірез түспес сары жем жарық құйылып қапты. Құдай ұрып, шалым тұрып кетіп өзім қалғанмын ба деп жасқаншақ басын оқыс көтеріп төр жаққа қарап еді, Киеван білегіне басын қойып, дәл таң алдында қылжиғанынан
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61