мысқыл да қозғалмай көзі ішіне кіріп, талықсып ұйықтап жатыр екен. Қыжымкүлдің жүрегі су етіп, шалына шошына қарады. «Жаратқан ием-ау… Мынаған не болған!» Ол түрегеліп шалына таянды да, жүзіне еңкейіп, үңіле қарады. «Кеудесінде жаны бар ма, байғұстың?» — Шал, ау, шал, — деді Қыжымкүл оның иығынан болар-болмас түртіп. Құсұйқылы Киеван шошып оянып, көзін оқыс ашты. — А? Не? Кемпірі қорыққанынан ыршып түсіп, кейін шегінді. — Не болды, әй, — деді Киеван мүлдем ұйықтамаған кісідей сергек үн қатып. — Жайшылық па? Қыжымкүл қапелімде не айтарын білмей әрі сасқалақтап, әрі шалымнан таяқ жеп қалар ма екенмін деп үрейленіп, аз-кем мүдіріп тұрды да, қас қағым сәтте жауап қатпаса, анық бір тықырдың төніп келгенін сезіп, аузына келгенін айта салды. — Жел әлі қоймапты… — О-о, жынұрған! Есің дұрыс па өзіңнің? Желдің қоймағанын мені оятып айтпасаң болмайтын ба еді. Жина ана бұрымыңды, бұрқыратпай! Кемпірі ебей-себей шашын жаулығының астына тыққылап жатып-ақ көз қиығымен шалының жастыққа қайта бас қойғанын көріп, иығынан ауыр жүк түскендей күрсініп алды. Сыртта жел әлі гуілдеп соғып тұр. Ол ауызғы үйге шығып пешке от жақты. Сояу-сояу қозапаяның сұйық жалыны дүрілдете сорған суық желдің жемі боп қара қазанның түбін жалап қана өтіп жатыр. Шалы оянғанша ыстық сорпа жасап қоймақ боп қазанға май шыжғырып, пияз турады. Дүрілдеген ошақ дыбысы мен көңірсіген пияз иісі үй ішіне жан бітіріп, бұйығы, жадау көңілді сергітіп тастады. Ел тоқшылық заманда күніне үш мезгіл қазан асса да осы үйден бірдеңе табылар-ау, бірақ кәрі кемпір мен шал оны қайтеді, қай жеріне жей береді. Құс ұйқылы, құс бөтегелі адамға шайдан жағымды, шайдан жеңіл не бар, әрі, қамыр илеу үшін де саусақта қуат болу керек екен ғой. Бұрынғыдай емес, қазір Қыжымкүлдің илеген қамыры июі қанбағандықтан ба, әлде тұзын не кем, не басым жасап жіберетіндігінен бе, қазаннан түскенде ботқа боп езіліп немесе жентек-жентек боп бірігіп түседі. Осынысы үшін шалынан таяқты да талай жеп, талай боқтау естіген. Қайда-а, оған да төрт-бес жыл өтіп кетті. Қазір шалы ұрыспайды, еттің қамыры ботқа болмақ түгіл атала боп кетсе де көңіл бөлуді қойған. Алдына не әкеп қойса соны жұта береді. Бәлкім, ұрыса беруден жалыққан шығар, бәлкім, өзі сияқты кемпірінің де жыл емес, күн өткен сайын кейін кетіп, шөгіп бара жатқанын, осы тамақтың өзін сүйек-сүйегінің арасында шашылып, қашып жүрген қайрат-күшін жинап әрең дайындағанын, неғыпты, түсінген де шығар. Қара кемпір кәзінегі тозған кәрі елгезерге бір қос уыс ұн салып екі алақанын жорға сиырдың тұяғындай сыртылдатып елей жөнелді. Сәлден соң түнікесі ұшып, әр жері тем-тем боп қарайған темір табақтағы тұзды суға әлгі бір шөкім
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61