ТІРШІЛІК

ұнды салып, жұдырықтай ғана қамыр иледі. Сонан соң бар салмағын салып жіңішке оқтаумен тықыр-тықыр еткізіп отырып нан жайды. Тамақ ішіліп болған соң шалының бөз қалтасына көкнәр толтырып, шайға дейін тіршілік жайлы үзік-үзік үн қатысып, Киеванның кәйіпі тараған соң ымырт үйіріле-ақ төсек салып жатып қалады. Ал шалы бір жаққа кетсе, білте шамды сығырайтып қойып дәл кешегісіндей өнімсіз түртінектеп жамау жамауға, не болмаса бір сарынмен, бір әуенмен ыңылдай отырып көне серігі — жиде ұршығын иіреді. Шалы келгенше көз ілмейді. Қалжырап қалғып кетіп, талай жылдан бергі пеш жанындағы меншікті орнында отырған бойы арқасын сүйеген жастыққа қисая салуы мүмкін, бірақ әдейілеп төсек салмайды. Осы үйдің босағасын аттағалы бері өзгелер секілді алысқа жолаушы да шыққан емес, алыстан жолаушы да күткен жоқ. Бар білетіні — қара шал, сары самаурын, көкнәр сіңді боз қалта. Ұзақты күні шалының ғана жайын ойлайды, шалының ғана қас-қабағын аңдиды. Мақта терім кәрі-жасты түгел далаға қуғанда ғана адуын бригадирдің тепсінуімен бір-екі күн жүйекке түседі. Бір еңкейсе үш тұрып, ертеден кешке дейін екі қапшық мақтаны әрең жинап, таңертең алған жүйегін басына дейін шығара алмай белін ұстап кешкілік жұртпен бірге үйіне қайтады. Құдай қарасып төсекке алып ұрмаса екі-үш күн тағы тереді, бірақ құдай жарықтық та мұны естен шығармай төрт күн, ары асса, бес күн дегенде пеш жанындағы баяғы құтты орнына жастығын биік салдырып, жайластырып жатқызып тастайды. Ел арасында жүріп үйренген Киеванның тәуіпшілігі осы арада жанға шипа болып, сол жаман шалдың несібесі қаға ма, әйтеуір, ақырындап жүріп аяғына мініп кетеді. Сонан соң Киеванға қосылғалы бергі әбден үйреншікті боп бойға да, қанға да қанып сіңген біркелкі күйбең тіршілік қайта басталады. Дәл қазір сыпыра шетіне жайғасып отырып алып, асықпай-саспай қамыр илеуге кіріскен осы бір кемпір, мынау өмір, мына тіршілік жайлы ойланар ма, ойланса нені ойлайды, іштей нені көксейді, ол жағын әжім айғыздаған алақандай бетжүзінен, тамыры солған жанарынан әсте аңғара алмайсың. Тағдырдың айдауына қапысыз жүріп, дегеніне қарсылықсыз көнген, тіршіліктің жоқ-жітігі мен тақсыретінің қандай түрін болса да қабырғасы майысып көтеруге әбден көндіккен, өле кетсе он шақты-ақ адам жиылып қыр басындағы көп қорымға бір төмпешік қосып келіп, марқұмның қазан асқан жерінен сүйек асын жеп, құран қайырған соң-ақ көптің көңілінен ұмыт боп жүре беретін, осы бір ешкімге белгісіз елеусіз жанның да бір кезде дәулеті теңіздей шалқыған іргелі байдың үлде мен бүлдеге оранған қарқаралы қызы болды дегенге ешкім иланбас еді. * * * Қыз бой жетсе құлақтан маза кетеді. Қыжымкүлдің жасы он алтыға толған соң-ақ Меккеге ағылған мұсылмандардай айттырып келушілер қыз әкесінің миын сасытты. Ақыл десең ақылы, көрік десең көркі бар, әрі Дәулетбай

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61