сияқты ордалы байдың қызына кім қызықпайды, кім құда болғысы келмейді. Тәшкен мен Түркістан аралығындағы атақты байлардың шырт киініп шіренген ұлдары қастарына ақылшы-кеңесшілерін алып, бірінен соң бірі төгіліп жатты. Бәрі де берік сеніммен кеп қыз әкесінің үзілді-кесілді қарсылығын естіп, іштей налып, назаланып қайтып жатты. «Он бесінде отау иесі» дегенді қанына бек сіңіріп, басқа уәжге құлақ аспай үйренген кеудесіне нан пісетін шырт етпе қазақтар Дәулетбайдың: «Қызым әлі жас, он сегізге толмай күйеуге бере алмаймын», — деген жауабын қорлады, менсінбедіге жорып қасқыр ішіктерін жүре киіп, томсырайып аттанған. Кейбіреулері көрінеу көзге жөнсіз жанжал шығарып, өзінен басқа дәулетті құда таба алмайтындықтарын айтып, төсін қызарғанша соғып, насыбайларын ер үстінде қақшып атып, атына кесірлене қамшы басқан. Жау сияғының жаман екенін сезген қыздың төрт жеңгесі Қыжымкүлдің жанынан күндіз-түні бір кетпей, кезек аңдуға шықты. Еркін жүріп, еркін тұрып үйренген қыз айттырып келушілер алғаш босаға аттаған күннен бастап кенет бой жетіп, оң-солын енді таныдым дегенде тірі тұтқынға айналды. «Неге кіп-кішкене боп жүре бермедім, жеңеше. Бүйтіп бой жеткені бар болсын» деп ол кей күндері мұңын шағып жылап та алатынды шығарды. Аңдушы жеңе ме, алушы жеңе ме. Қасына қарауыл қойып, ағайын-туыстан өзгемен сөйлесуге еркі жоқ қыз бір күні түнде ғайып болды да шықты. Сол түні Қыжымкүлмен бірге жатқан жеңгесін ертесіне күйеуі өлтіре сабап, шаңыраққа шашынан байлап қойды. Қыз табылмайынша, бір дерегі шықпайынша осы тұрғаның тұрған деді. Әуелгі кезде: «Құран ұрсын, ата-бабамның әруағы атсын, білмеймін, кешіре гөр! Түнде мызғып кетіп едім, ат дүбірінен ояндым. Еркежанымнан өлсем айырылар ма ем, кеше гөр, өлтіре көрме!» — деп зар илеп, көзінен қанды жас ағып жалынып еді, қатыгез ері илікпеді. Өз қолымен шыңғыртып апарып салбыратып байлады да тастады. Түске шейін сембей шыңғырумен болды. Түс ауа есінен танып, былқ-сылқ күйге түсті. Әйел байланған үйге ешкімнің аттап басуына рұқсат етілмеді. Жұрт абыр-сабыр. Аяқ жетер жердің бәріне қуғыншылар жіберілді. Сол бір қаралы күнді Қыжымкүл әлі ұмытқан жоқ, дәл күні кешегідей бәрі есінде. Құдай айдады ма, азап айдады ма, жайшылықта оңаша үйде жалғыз жатудан да қорқатын сорлы басы сол түні сыртқа өзі шығып еді. Орнынан тұрып бара жатып, «жеңеше» деп дауыстап көрген, жеңгесі ояна қоймаған соң мазасын алмайыншы деп, жібек шапанын жамылып өзі кетті. Жүрегі әлдебір қауіпті сезгендей дүрс-дүрс соғады. Аспанда жұлдыздар шақырайып тұр екен. Төңірек тып-тыныш. Толық ай түстікке келіп, шаңырақ біткеннің дәл төбесінен үңіліп тұр. Ол үйге қайтып беттей бергенде ту сыртынан әлдекім барыстай атылып, құшақтай алды. Қыжымкүлдің айқайлауға да мұршасын келтірмеді, күректей алақан аузын басып, тұншықтырып барады. Қас пен көздің арасында тер сасыған шаршы орамал аузына тығылып, екі
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61