төңкеріп, болатнай белбеуімен белін буына бастайды. «Пәленше-ау, не болған өзіңе? Қартайған шағыңда қарап жүріп алжасайын дегенбісің. Отыр, әңгіме айт. Қазір ет те дайын болады» деген үйреншікті сөз құлағына жетсе де миына жетпей келесі танысының босағасын аттауға асығып, түсініксіз күбірлеп қана қоштасып тез-тез шыға жөнеледі. Арыстанды-Қарабастың суық желі етегін жұлқып, омырауын ашқанына да қарамай ентелеп, асығыс жүріп келе жатып ол өзінің дәл қазіргі мақсатсыз сарсылына, мағынасыз тіршілігіне ой жүгіртіп «рас-ау, мұным не осы?» деп өзіне-өзі сауал тастамайды, құдайға шүкір, ғұмыр кешіп отырған әлгі таныстарының парасатты, тоқмейіл күйлерін өзінің кезбе халімен салыстырмайды да. «Осы көкнәрға үйір қылған қай құдай?» деп бұрын әсте ойламайтын да, тек соңғы бір-екі жылда, көкнәр деген мүлдем құрып, жаңа кебістің бүрі таусылғанша табылмайтын кезге жеткенде ғана ауық-ауық күрсінетінді шығарды. Бұрын екінің бірі көкнәр егіп, жұрттың басы қосыла қалғанда бүйірі тоқ бөз қалтаны бөктіріп алып, үлкен ағаш табаққа асықпай езер еді, сонан соң өзі бір-екі ұрттап алып, қап-қара ащы суды әрі қарай жағалатып жіберер еді. Сонан соң әңгіме-дүкен деген желдей есіліп, шалдар жағы таңға дейін шай сораптап мамыражай отырушы еді-ау, шіркін! Қазір сол шалдардың өзі көкнәрлік жерлерін айдатып тастап, орнына бәдірен дей ме, кәпөсте дей ме, қайдағы бірдеңелерді септі де тастады. Киеван төрде қалғып жатып «тездет!» деп айқайлап қойды. Қыжымкүл оның бұл дауысын естуін есіткенмен қимылына қимыл қоспайды. Далада жел болғандықтан дәлізге қойылған самаурын қайнағанша шалының «тездет» деген дауысы талай рет қайталанарын жақсы біледі және «тездет» дегенде қара кемпірі сары самаурынның ішіне түсіп кетпесін, айқайдан соң ысылдап шай келе қоймасын Киеванның өзі де біледі, бірақ көкнәрға құныққан сәттегі әдет араға екі-үш минут салып қайталана береді. Есі-дерті бір ұрттам көкнәрға ауып, ол үшін дәл былтырғыдай есігінің алдындағы ақ шайын ажыратып отырған жалғыз ешкісін ойланбастан айырбастай салатын Киеван шалының мұндай сәттерде шектен тыс шікәмшіл, шектен тыс мейірімсіз, қатыгез боп кетерін жақсы білетін Қыжымкүл артық-ауыс сөз айтпай аяғының ұшымен құрдай жорғалап, үлкен, бүйірлі шәйнекке шай демдеп дастарқан басына әкеп қойды да: «дайын болды» — деді. Әлгінде төр жаққа саудыр еткізіп лақтырып жіберген кенеп дорбаның ішіндегі жарты қадақтай көкнәрдің үштен бірін көкнәр сіңді боп қарайып біткен боз қалтаға сап, ағаш табаққа бөктіріп қойған-ды. Бәрібір желінбейтін болған соң дастарқанға ырым үшін ғана бір-екі үзім нан салып, қантқайшымен шілдің құмалағындай етіп ұсақтаған қатырма шекерді шалының алдына шашып тастады. Ұйықтағаны, не ояу екені белгісіз Киеваны «дайын болды» деген дауысты естуі мұң екен, басын кегжең еткізіп оқыс көтеріп, көзін ашқан бетте алдымен дастарқанға қарады. Осы қуыс үйдің ішіндегі мүлік біткеннен көзіне ең ыстық көрінетін ағаш табағын, бүйірден
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61