ТІРШІЛІК

қазіргі жасы құманның суы сарқылғанша қайнаған сынаптай ауыр да таза, қабырғаны ерітіп, жүректі жарып шыққан удай ащы шын жас еді. Ол жапан далада көмейіне ыза кептеліп, үн шығармай тына жылады. * * * «Дәулетбайдың қызы қашып кетіпті» деген хабар күйген жүннің иісіндей төңірекке тез тарап, қойнау-қойнауда керенау жатқан жалқау елді бір сергітіп өтті. «Тосын хабар қайдан шығар» екен деп бір құлағын желге түріп жүретін әңгімешіл әйелдер осы төрт ауыз сөзді мың құбылтып бір тәуліктің ішінде екі тәулік тыңдасаң жалықпайтын сан қилы хикаялар туғызды. «Балуан қайнағам сол жақтан әлгінде ғана келіп отыр екен, со кісінің өз аузынан естідім. Қызды ортаншы жеңгесі қашырыпты. Япырма-ай, десеңіздерші, «шыныңды айт!» деп ұрса да, тепсе де, шашынан сүйресе де «білмейміннен» басқаны айтпапты сабазың. Өзі де етінен ет кесіп алсаң қыңқ демейтін бедірейген қатын еді ғой, көрген де шығарсыздар, былтыр қыста нағашы жұртына бата оқып бара жатып боран боп кеткен соң молда атамның үйінде күйеуі, бала-шағасымен екі күн жатып еді ғой. «Әй, долы шығарсың-ау» деп сонда-ақ ішім қып ете қалып еді, ып-рас боп шыққанын қараңызшы. Сол безерген бәле бүкіл ел боп алақанға сап, қанатына шаң қондырмай отырған Қыжымкүл тотымызды дүние сыйлаған біреуге міңгестіріпті де жіберіпті. Кім екенін жөнді біле алмадым, әйтеуір, оймауыт жақтың бір шалқыған байының баласы дейді. Қыздың ағасы қатынына шынын айттыра алмаған соң ыза буып қыл шылбырмен әлгінің аяқ-қолын байлапты да басын құбылаға қаратып… — Астапыралла! — Иә, құбылаға қаратыпты да, қынынан пышағын алып алқымына сала бергенде: «Ойбай, кінә менде. Қызды құртқан мен едім», — деп зарлап қоя беріпті. Қыжымкүлдің қайда кеткенін, кіммен кеткенін сол жерде түгел айтыпты. Жан шіркін тәтті емес пе, күйеуден алғанын да жасырмапты. Үй артындағы шұқырға көміп қойған ат басындай алтын мен қой басындай күмісін де шығарыпты». Дәл осы сәтте ауылдың басқа бір шетінде басқа бір әйел әңгімені желдей есіп отырды. «Қызды қашырған жеңгесі де емес, басқа да емес, әкесі екен». «Қойшы» деп ыршитын дәнемесі жоқ. Түркістанның бір төресі қатын үстіне алыпты. «Айттырып келген би мен төрелердің талайына ниет танытпап едім, солар ала көз болмасын, бір күн түнде қалыңдығыңды ал да кет. «Көрдім» деп мен айтпайын, «қашып кетті, амал қанша» деп шарасыз күй танытайын» депті дейді… «…Ол әңгіменің бәрі өтірік. Қыжымкүл қызымыздың өзі оң босағада отырып жүкті боп қалыпты. Сонан соң әке-шешесі…» Хабар — жел, ел — қамыс, әркім қалауынша гулеп жатты. Қызының бір күн түнде жоқ боп шыққаны Дәулетбайға шоқтай басылып, көбік шашқан ашудың әуелгі қарқынымен тұс-тұсқа жоқшы шаптыруын шаптырса да, түс ауа бір қайнап төгілген соң ашуының астына тұнған

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61