үкімді бір сәтке естен шығарып, әлгі әйелден соң іле-шала «қош, пақыр, қош!» деп бір үн шығарып алды да, опасыз тіршіліктегі бейшара пендешілік естеріне түсіп, еріндерін тістеп-тістеп қойды. «Нағып жыладың?» деп оларды ешкім сөккен де жоқ. Арқалары ұстағандай долдана қимылдап, молаға топырақты тез-тез үйді де, күрек-кетпендерін иықтарына сап, төмендегі ауылға беттеді. Күні кеше ғана Дәулетбайдың келіні боп ырғала басып жүр еді, бүгін кеп жазықсыздан-жазықсыз бір төмпешікке айналып қала-а берді. Енді қайтып бұл жалғанды көре алмайды. Өмірге не үшін келді, не деп келді? Мәнсіз, мағынасыз тіршілік. Бүгін бар, ертең жоқ. «Қызымыз қайда?» деп келген ағайын-туыстарына: «Қызыңыз о дүниелік боп кетті. Тағдырдың пешенеге жазғаны шығар» деп басу айтып, ен далаға сыймай тағы боп жүрген есепсіз малдан қоралап айып төлеп, бәтуаға келеді. Өліге иман, тіріге мал керек. Өлі мен тірінің арасында бес кетпен ғана топырақ. Сол топырақ көзге құйылмай тұрғанда өлім дегенге ешкім сенбейді. Бұ дүниеден кәрі де кетіп жатыр, жас та кетіп жатыр, бүгінгі тірінің ертең марқұм боп, аласұрған әрекетінің бәрі әдіре қалғанын жұрт көріп жүр, біліп жүр, сонда да барға қанағат тұтып, атақ пен байлыққа, жалған намысқа көзі тойған емес. Қызының абыройы төгіліп келгенін білген соң Дәулетбайдың әкелік мейірімін намысы жеңді. «Аман жарға алып қашқан жігітіңнің кім екенін тауып бер» деген сауалына жауап ала алмаған әке қызының бұл мінезін қасақана көлгірсу деп ұғып, жақын ағайындарымен көп ойласты. Егер абыройы төгілген қызын үйінде ұстап отыра берсе, қорлаған жауы күніне сырттай мың табалап, қарқ-қарқ күліп жүре берерін, сол қорлықтан мұның сүйегіне таңба басылып, ол таңба өзінің ғана өле-өлгенінше емес, баласының баласына кетерін ойлап, одан алдын ала құтылудың жолын қарастырды. Ұрпақ намысын таза сақтаудың бір-ақ жолы бар-ды, ол — сүйекке таңба түсірер қыздан безіну, «мұқаттым ба?» деп миығынан күліп, масайрап жүрген белгісіз жауына қатыгездікпен жауап қатып өз перзентінен бас тарту, сөйтіп майдагер келекені адам құлағы естімеген қаталдықпен бүркемелеп, сонымен ұмыттырып жіберу. Әрі ойлап, бері ойлап кеп Дәулетбай бұдан өзге дұрыс шешім таба алмады. Ет жақын бес-алты ағайын-туысының арасында көпке дейін үнсіз отырды да қатулы қабағын жоғары көтеріп: — Солай болсын! — деді үзілді-кесілді. Бұл әмір әлгінде бір айтылған-ды, бірақ өзгелер шу дегеннен қостап кете алмай үнсіз қалған соң әйелдер жағы осы үнсіздіктен «е, құдайлап» іштей үміт күтіп еді, «солай болсын!» деген берік байлам тілек пен үміт атаулының жібін сілтеген қылыштай бір-ақ кескенде, олар үзік-үзік сыңсып сала берді. Әдепкіде өздері-ақ қояр деген оймен Дәулетбай бұл сыңсуға көңіл аудармаған боп еді, әйелдер жағы еркінсіп, дауыстарын сәндей бастады. — Тоқтат! — деді Дәулетбай гүрзімен соққандай дүрс еткізіп. Әйелдер
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61