ТІРШІЛІК

даусы пышақ кескендей тыйылды. — Орталарыңдағы бір қызға ие бола алмай бетімен жібердіңдер. Кіммен кетіп, кіммен болғанын айтпай бәрімізді жерге тірі көміп тағы отыр. Алды әне, о дүниелік боп кетті. Енді кеп дауыстарын түземек, өзге сәнім қапты да, «бойың талым» қалған екен ғой. Уылдап, шуылдап елге дабыра қылмаңдар, осы масқара болғанымыз да жетеді. Әкеліңдер, ана қарабетті! Үй ішіндегінің бәрі тым-тырыс. «Қашып кетті» дегелі бері Қыжымкүлді ешқайсысы әлі көрмеген. Бірге туғандары болмаса аталас ағайындарының өзі мейірім, пейіл дегенді бір сәтке ұмытып, елең етіп есік жаққа ынтыға қарай қалысты. Екі жігіт қолы артына байлаулы, көйлекшең қызды отырғандардың алдына әкелді. Жылай-жылай көзі мен қабағы былаудай боп ісіп кетіпті. Қызын көргенде шешесі өзін-өзі ұстай алмай, «ботақаным-м» — деп тұрмақ боп ұмтыла беріп еді, күйеуі оған жеп жіберердей оқты көзімен ата қарап, «отыр омалып!» дегенде зәрлі дауыс оны төбесінен басып, бөстегіне қайтадан сылқ еткізді. «Құдд-ай-ай, құддай-ай, сорлы басым-ай!» деп, Дәулетбайдың бәйбішеден кейін ажарына қызығып жуан алған тоқалы шарасыз халде күйіне жылап жіберді. Оның аналық жүрегінің суға түскен кесектей езіліп, бауыры бордай үгітіліп бара жатқанын ешкім елеген жоқ, елеген сыңай да танытпады, бәрінің баққаны — Дәулетбайдың аузы. Ол да ұзақ тостырған жоқ, қалың қабағын бір-екі түйістіріп алды да, қызына бір қарап қойып: — Кім екенін әлде де айтпайсың ба? — деді. Қызы ләм деген жоқ. — Қарабет-ау, дүйім еліңді жерге қаратардай ол кім еді сонша? Айтсаңшы, түрі қандай, сөзі қандай, аты кім? – Мұны айтқан — әйелін шаңыраққа шашынан асып өлтірген, қыздың ортаншы ағасы. — Естір құлаққа «білмеймін» деп бір айтып ем, несіне қинай бересіздер. Басқаның алтын басын бауырымның тырнағына айырбастар ма едім. Ақ сүтін бермеді демесем, анамдай боп кеткен жеңешем менің жолымда жазықсыз құрбан бопты, жаным содан артық па, қаңғыртпақ түгілі отқа өртеп жіберсеңіздер де мейілдеріңіз. Әке баладан безсе не шара, ол да жазмыштың бұйрығы шығар. Сіздерге менің де көңілім сем боп қатып қалды. Бұл да сол тәңірінің әмірі емей не болсын. — Қыз көзіне жас алды. Отырғандардың басы салбырап, толқып кеткен сыңайлары байқалды. — Алып қашқан адамды танымайтынымды, түрі-түсі де есімде қалмағанын бір емес, шырылдап тұрып, шырқырап тұрып талай айттым ғой… Дәулетбай көз қиығымен ортаншы ұлына қарады. Анау әке ойын көзбен қағып ала қойды да: — Тоқтат, қарабет! — деді орнынан атып тұрып. — Өзіңнің қарабет болғаныңмен тұрмай жарық дүние сыйлаған әкеңнің бетінен алайын дедің бе?! Кешірім сұрап, аяққа жығылудың орнына… — Маған енді бәрібір, — деді қыз ағасының сөзін бөліп. — Кешірім сұрағанмен кешіретін түрлеріңізді көріп тұрғаным жоқ. Мен өлімнен жасқанбаймын, қайта, айдалада

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61