қаңғып жүргенімде ит-құсқа жем болмағаныма өкініп, тәңірге тіл тигізіп тұрмын. Қыздың ағасы көзі ұясынан шығып, аузын ашқан бойы сілейіп қатты да қалды. Жирен жүзі отқа түскен ақ терідей қарайып, жылқы ерні жыбыр-жыбыр етті де, қолындағы қамшысын көтеріп, «о, шұбар жылан!» деп қарындасына тап берді. Осы кезде шешесі құстай ұшып кеп қызы мен қамшының ортасына тұра қалды. Сілтеген қамшы тоқтатпақ болған иесіне бағынбай араша түскен шешесінің басындағы ақ жібек орамалды маңдайдан қарақұсқа қарай ірітіп түсірді. «Тумай туа шөккірлер-ай!» — деді қыз анасы құлап бара жатып. Қыжымкүл де «апа» деп оны сүйемелдеп бірге құлап бара жатыр еді, Дәулетбай орнынан тұрып: — Әкетіңдер, тез! — деді ақырып. — Көз көрмес, құлақ естімес қу далаға апарып тастаңдар. Көз алдымыздан тірі кетсін, әйтеуір. Бұ қарабет мына түрімен ағайын-туысты қанға бөктіретін түрі бар. Болыңдар, тез! Манағы екі жігіт қызды дедектетіп сыртқа сүйрей жөнелді. Ойда жоқта анасына қамшы сілтеген ұл не сыртқа шығарын, не анасының басын сүйерін білмей екіұдай халде состиып тұра берді. Дәулетбай бешпетін иығына бір сілкіп, баласының қасынан өте берді де: — Шешеңді отауына көтеріп кіргіз, — деді немқұрайды үнмен. Сөйтті де, шыға берісте аз-кем аялдап, ашық есіктен сыртқа қарап тұрған бойы: — Баласының қамшысы шешесіне тигені осы жерде ғана қалатын болсын, — деді. * * * Аспан асты неткен кең. Басына қаралы күн тумай тұрған кешегі бейуайым, бейқайғы шағында жер шеті ауыл сыртындағы алты қырмен шектелетіндей көрінуші еді, беталды құла дүз қаңғығанына бүгін міне төрт күн болды, алдынан қарайып не ауыл, не бір иесіз қалған баспана да көрінбеді. Жүріп келеді, жүріп келеді, бір адырдан соң бір адыр, адыр бітсе көз шошып көңілің қобалжыр шетсіз де шексіз маң дала. Бұл даланың малы қайда, жаны қайда? Қанша жүрсең бітпейтін не деген шексіз дүние бұл? Жұрт көрмесін деп әнеукүнгі екі жігіт бес күн бойы неменесіне түнделетіп жүріп келді? Бәрібір ұшқан құс, жүгірген аң болмаса тірі пенде жоқ екен ғой. Бес күн, бес түн бойы серік болған екі жігіт бес күн, бес түн бойы бұған қарап бірауыз тіл қатқан жоқ. Тек соңғы айырылысар сәтте жастау біреу: «Шөлдегенде талғау қыларсың», — деп қалтасынан бір уыс малта алып ұсынды. Қыз алған жоқ, жансыз адамдай сілейіп тұра берді. Ақ қалпағын милықтата киген мұртты жігіт атынан түсе салып шорылдатып тұрып шүмектетті. — Әй, бала, — деді ол қасындағы серігіне аспанға қарап тұрып, — бүгін күн жауады ғой деймін, ә? Жігіт оның қасына тақалды. — Хайуансың! — деді тістеніп. — Қызды сыйласаң етті. — Ә-ә, — деді ол қолын сілтеп, — көрмеген құқайы
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61