шай қайнататын да, отын тасып қазанның қайнауын бақылайтын да осы қыз. — Апа, ошақтағы от сөніп қапты, — деді ол дәлізден айқайлап. — Қап, тәңір-ай ә! Түнде жөндеп көмбегенсің ғой сен! — Жоқ, жақсылап көмгенмін. — Жақсылап көмгенің құрсын сенің. Саған сенген менде де ми жоқ шығар. Қалақты алып қоңсылардан от әкел. Дәлізден қалақтың шелекке соғылып дыңғыр еткені естілді. Қымқа көрпе-төсекті жинап боламын дегенше алты жасар қыз от жағып, шай қойып та үлгерді. — Әй, осындай күні үйге жаққаның не, далада да ошақ тұр еді ғой. Қазір күн ысыған соң мына үй тозақ болмай ма? — Өзіңіз ғой шайды үйге қайнатайық, күн салқын деген. — И-и, бұ миды… Отты сөндіріп алмай тұрып отын әкел былай даладан. Төргі үйдің ашық есігінен жұдырықтай қыздың лақтырған кесектей далаға лып етіп шыға жөнелгені көрініп қалды. Екі-үш минут өтпей-ақ оның «апа-а-а!» деп жан даусы шыға айқайлаған даусы естілді. «Ойбай құдай-ау, не болды!» деп Қымқа да жинап қойған жүгінің құлағанына да қарамастан далаға жүгірді. Жұдырықтай қызы шашы желбіреп, жанұшырып бері қарай құлдырап келеді екен. Үйдегілердің бәрі өріп сыртқа шықты. Қымқа құстай ұшып келе жатқан қызын көтеріп алып, бір уыс мақтадай бауырына қысты. — Жарығым-ау, күнім-ау, не болды, не болды сонша? — Анау… анау сарайда…. адам… адам жатыр… — Астапыралла! Нағыл дейді! Адамы несі! — Қорқамын, апа, бармашы, қорқамын! — Ой, Алла-ай, ол қайдан жүрген адам. — Қымқа кішкене қызын үйге кіргізіп, қасына ересектеу біреуін отырғызды да, үлкен баласын ертіп сарайға беттеді. Жол-жөнекей қолына іліге кеткен сабы сынық айырды алып, дақ-дақ басып жақындай берді. Сарайдың ашық қалған есігінен басын сұғып қарағанда шашырата төселген бір құшақ қурайдың үстіне етпетінен түсіп жайылып жатқан белгісіз әйелді көрді. — Жаратқан ием-ау, мынау әйел ғой, — деді ішке батылырақ еніп. –Балам-ай, келші, басын көтерейік. Өлі ме, тірі ме? Екеулеп жүріп басын көтерді. Қос бұрымы арқандай шұбатылған, үріп ауызға салғандай реңді қыз екен. — Тірі екен, — деді Қымқа қуанып. — Тірі екен, бейшара. Көтер, үйге кіргізейік. Қымқа мен баласы бейтаныс қызды төргі үйге көтеріп әкеле жатқанда төрт баланың төртеуі де дәлізге атып шығып, үркердей үдірейіп тұра қалысты. * * * Адам баласының тағдыры тал күбідей айнығыш, көтергенде қарың талатын алақаныңдағы қорғасын шілдеде жауған бұршақтай қас қағым сәтте бір тамшы суға айналып жүре беретін опасыз, алдамшы қызық екенін Қажымкүл ес білгелі ауыл қарияларының аузынан талай естіген, талай тыңдаған, бірақ жалғанның жалт етпе мінезі бір дем ары, бір дем бері қып-қысқа уақыттың ішінде тап осылай ұйқы-тұйқы, астан-кестеңі шығарын әсте ойламап еді. Күні кеше, күні
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61