кеше ғана «кімнің қызысың — пәленшенің қызы» боп, күллі ауыл тамсана сөз қылған, төрт құбыласы түп-түгел ерке қыз, қатыгез әке мен тасбауыр ағаның шешімі бойынша, жеті-сегіз күннің ішінде тірі жетім, ел кезбе боп шыға келді. Ол өлермін деп ойлап еді, тірі қалды, тірі қалғанына өкінді, қаңғып жүріп мына үйге тап келгеніне налыды. Бес баланың үстіне алтыншы бала боп қосылып, не өлі емес, не тірі емес, өзге түгілі өзіне сынық инедей қадірі жоқ сүреңсіз, мағынасыз тіршіліктің он шақты күнін артқа тастағанда, сол он шақты күн бұған ғасырдай көрініп, кеудесіндегі барлық-барлық қасіреті мен ащы ызасы ішіне кеселдей шөгіп қаттала берді. Енді ол туған жерін, зар еңіреп қалған анасы мен құрбы-құрдастарын қайтып көре алар ма? Қатыгез әкенің жүрегі жібіп мұның күнәсі жоқ екенін түсініп кешіре ме? Бірақ одан не пайда? «Кештім» деп айта қалса да осы бір жалғыз ауыз сөз бір кезде бетіне жағылған қара күйені тұз түйген келсаптың басындай ағартып шыға ала ма, тіпті солай болған күннің өзінде де «келешек ұрпақтың сүйегіне түсер таңбаны» өзімен бірге аластап алып кеткен қыз соның бәрін өзімен бірге қайтадан алып несіне барады! Жо-жоқ! Енді ол бәрін де ұмытады, уақыт ұмыттырады. Іштен шыққан бітеу жара секілді бұл сезім жанын азаптап, өле-өлгенше тынышын алар, сонда да ол толғақ қинағандай тістеніп шыдап бағады. Бірақ… Зарлап қалған шеше байғұс… Алдымен үнсіз жылайды, сәлден соң қан тамырларынан қан емес кермек, жылымшы су жүгіріп жатқандай шым-шым жас төмен құйылады кеп, сонан соң кеудесінде өксік қайнап, ішке сыймай лық етіп алқымға тіреледі. Қыз өзін-өзі ұстауға мұршасы жетпей дауыстап жылап жібереді. Қымқа басу айтады. Қыжымкүл әуелгіде сыр шашпай жүр еді, үш-төрт күннен соң өзінің жайын ұсақ-түйегіне дейін түк қалдырмай баяндап берген. Қыжымкүл Қымқаның басу айтуына да үйреніп алды, жылағысы келсе қалаған жерінде, қалаған кезінде жылай береді. Сөйтіп, қырық жамау жарлының үйіне Қыжымкүл қырық бірінші жамау боп бір бүйірден қосылды. Бір жүкаяқ, бір сандық, төрт-бес ескі көрпесі ғана бар, ішер тамақты ауқатты адамдардың тірлігін күндей істеп қана ажыратып жүрген жесір әйелдің өлмеші тіршілігі оған аяздай батты. Таңдап ішіп, талғап жұтып үйренген, кедей үйдің босағасын аттап көрмеген ақсүйек қыз адам баласының осылай да жан бағып, осылай да өмір сүре беретініне мейлінше таң қалды. Тапқанын бүгін ішіп, ертеңгі асын бір тәңірге тапсырған, жыртық көңіл, бірішек қоралы жанның мына тұрмысына жаны ашып ол қолындағы алтын білезігін Қымқаға берді. — Алыңыз, жеңеше. Екеу еді, біреуін далада қаңғып жүріп жоғалтып алыппын. Есебін тауып, бір саудагерге сатарсыз. Қымқа алмады, шошып кетті. — Ойбай, жоқ, керегі жоқ, айналайын. Сенің тауқыметіңді ауырлап жүр
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61