аса жылы суға малынып, байлаулы аузы табақ ернеуінен сәл ғана асып жығылып тұрған көкнәр қалтасымен жанары табысып, шүңірейген өлі көзіне жан бітіп, малдас құрып отырды да, жамбастағы жастықты бір-бірінен қаша өскен сексеуілдің арбиған бұтағындай екі тізесінің ортасына қойып, шынтағын тіреді. — Құй, — деді жеттім бе дегендей нықтай сөйлеп. Кемпірі бала жұдырық кішкене кесеге қан қызыл шайды орталап құйып, шалына ұсынды. Ол аузы мен өңешін күйдіріп, қою шайды екі-үш ұрттап бітірді де, қол созым жерде отырса да кесесін кемпіріне қарай асықтай шиырып жіберді. Домалатсаң бір орнында шыр айналатын кесе вазелиннен босаған кеуежектей түп-түзу дөңгелеп, Қыжымкүл тізесін соғып барып тоқтады. Киеван үш-төрт кесе шай ішіп, тамырындағы қанды тірілткен соң кемпіріне қарап «тоқтат» дегендей көзін жұмып, иегін шошаң еткізді, сөйтті де жеңін түріп, күні бұрын дайындап қойылған оң жағындағы жез құманға қолын жуып, көкнәр езуге кірісті. Асықпай езді. Осы асықпауының ар жағынан ындыны құрыған құмарлық, бұйыртса енді қашпайтынына көзі жеткендіктен туындап жатқан қасақана жайбарақаттық байқалады. Көкнәр суына деген ынтықтық бойын билеп, ешнәрсеге мойын бұрғызбай ауыл-ауылға алып-қашып, көше мен көшені кездіртіп жібергенде бұның көз алдында осы сәт көлбеңдеп кетпей қойып еді. «Сол күн туар ма, шіркін»– деп қиялдап еді. Еті қашқан тобылғы саусақтары бөз қалтаны ірітіп жіберердей ұзақ-ұзақ мыжғылап, саусақ арасынан ағаш табаққа шұрылдап ағып жатқан күрең езіндіге сілекейін жұтып, рахаттана, ынтыға қарады. Ширек сағаттан соң бесіктің түбек жастығындай томпиған қалтаның бүйірі солып, ағаш табақта қоп-қоңыр, удай ащы көкнәр суы қалды. — Әкел, — деді Киеван, демін терең бір алып. Кемпірі желінді ешкінің бір сауым сүті мол сыятын зерен тостақты лып еткізіп шалының созылған қолына ұстата қойды. Киеван табақтағы көкнәрді тостаққа шүпілдете құйып, түбіндегі тұнбасын қалтаға сарқыды да, кеудесін көтеріп, суға сүңгитін адамдай терең дем алды. Сөйтті де, зерен тостақты қос қолдап ұстап, жайлап ерніне тақады. Әуелгіде «сырп» деп ұрттағаны естіліп, сонан соң май ішкендей үн шықпады, тек зерен тостақ бірте-бірте жоғары көтеріліп, әуелі мұрынды жапты, одан кейін қабақ пен қасты тасалап, дулығалыққа барып бір-ақ тоқтады. Киеван тостақты төмен түсіріп, «уфф» деп демін алды. Үй іші тіріліп сала берді. Оң жақ қабырғадағы жинаулы жүк, босаға жанындағы ілулі киім, тызылдап жанып тұрған ондық шам, жаюлы дастарқан, сары самаурын, самаурын жанында төбесі кемпіректен асар-аспас боп отырған шүйкедей қара кемпір — бәрі-бәрі де жанарына енді ілікті. Қырдағы ауылдың қораздары шақыра бастады. Киеван көзін жұмып отырып босаған кесесін кемпіріне қарай домалатып жіберді, кемпірі шай құйып ұсынды, бұл көзін ашпаған күйі қолын дәл созып ала қояды. Он шақты кесе ішкен соң ол басы төмен құлап, буын-буынынан әл кетті.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61