ТІРШІЛІК

бұдан артық маған не көрсетеді» деп жүргенде өлімнен де күшті оқиғаға маңдай соқты. Ол қайғы, ол қасірет кенет, тосыннан басталған қайғы емес-ті, оның басы әріде, артта қалған өмірінде еді. Іште жатып қалған баладай ол да ойда жоқта кесел боп қимылдап, азап боп бас көтерді. Балалардың ұйқысын бұзбайық деп ауызғы үйге шығып, мор ошақтың жанында екеуі таңға шейін жылады. «Сорладым ғой, жеңеше-ау, сорлады ғой сіңілің! Енді не амал бар» деп Қыжымкүлдің көзінен қанды жас ақты. Қымқаның да оған қосар ақылы болмады, «білмей қалған екенсің де, байғұс бала, балалық болған ғой. Қайтесің, қайтеміз, қолдан келер не шара, тәңірдің жазғанын көресің дә» деген дәрменсіз ғана сөздер айтып, қыз қайғысын басудың орнына онымен жарыса жылап, ішкі үйде жатқан балаларды оятты. Бойға біткен нәрестені алдырып тастау деген жауыздықтың барлық түріне бара беретін қазақ атаулының қанына бітпеген, санасына сіңбеген қасиет еді. Іштегі баланың қайғысы үш ай қыс Қыжымкүлдің ақыл-ойын шәліге түскен күйедей жеді. Іштегі баланың қайғысы үш ай көктем Қыжымкүлдің зердесін отқа түскен асықтай күйдіріп, құйқадай қарайтты. «Пәленше байдың пәленше деген қызы оң босағада отырып екі қабат боп, елінен безіп, ай далада қаңғып жүріп қасқырға жем бопты» деген хабар бұл ауылға Қыжымкүлмен бірге келген, сол хабарды ол жазға шейін тыңдап шықты. Жазға шейін жылап шықты. Жаздың алғашқы айында жылап жатып босанды. Жас қыздың басына қара түнек орнатып, сор боп енген қасірет –нәресте боп дүниеге келді. Арыстанбаптан сұрап, Түркістанға түнеп, табанды тас, қабақты жас тіліп тілегенде сараңдық жасайтын құдай керексіз жерде жомарттық танытты. Ол шекесі торсықтай, қасы қап-қара, сүп-сүйкімді ұл туды. Осы үйдегі екі балаға ұқсастырып, әрі өмір жасы ұзақ болсын деп, атын –Тоқсан қоя салды. * * * Дәулетбай ұзақ түнге кірпік ілмей шықты. Жатса да, тұрса да ойынан қаңғытып жіберген қызы кетпей қойды. Қаңғытып жіберген қыз анасы — бірінші тоқалының зарлаған үні жанын жеп, мазасын алып бітіп еді, бұдан екі айдай бұрын дүние салып мұның құлағы тынышталғандай болды. Әшейінде, «қатын өлді — қамшының сабы сынды» деп әйелінің қабір топырағы дегдімей жатып төсек жаңартудың қамын жасай беретін барлық қазақ сияқты Дәулетбай да бұл қазаға онша мән бере қоймап еді, соңғы бір-екі айда ел ішіндегі сыбыр-сыбыр әңгіме күбірге айналып үдеп бара жатқан соң еріксіз ойлана бастады. «Бір әйелдің айласы қырық есекке жүк» деп жұрт осындайдан шығарған ба, қарап тұрса шаңырағынан бір жылдың ішінде екі өлім атқарып, екеуінің де кінәсі мен күнәсін былайғы ел бұған жүктейді екен. Ортаншы баласының әйелінің өлімі төркін жағынан үлкен дау тудырып, қыруар мал, уыс-уыс ақшаның арқасында бұл іс сотқа жетпей, екі жақ әрең

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61