ТІРШІЛІК

дегенде бәтуаға келді. Бірақ, қаңғыртып жіберген қыз жайы ел ішінде өрби түспесе бәсеңситін емес. Бетке шіркеу, сүйекке таңба болмасын деп төрт-бес ағайын — аз қабырғамен ғана ақылдасып шеше салған бұл әрекеттері тым қатал, мейлінше асығыстық болғанын, келешек ұрпағымды таза сақтаймын деп арзан оймен жасаған қаталдығы сол ұрпағына туылмай жатып қазірден бастап-ақ кетпестей таңба басқанын енді ұқты, анық ұқты. Енді төрт-бес айдан соң бұл болыстыққа сайлауға түседі. Тырнақтап жиған малын етектеп төгіп, өмір бойы көксеген мақсатының жолында дүниенің бетіне қарайтын емес. Қызының орнын жоқтап, құн алып әрең басылған баяғы жауласқан кісі де бұл хабарды естігенде, томсырайып жатып алуым жараспас деп айдап кеткен малы мен санап алған ақшасын түп-түгел қайтарды. «Өлер қыз өлді, араз боп не табамыз. Дүние-мүлік өлген баламды тірілтіп әкелер дейсің бе, мынау өзіңе қосқаным, көп шығынның бірін өтесінші» деп жалған мәрттік танытып, алдын орап кетті. Дәулетбайдың ендігі қорқатыны — қызының ғана жайы. Ертең сайлауға түсе қалғанда ол алдынан қырсық боп қырын тұрмаса нағылсын. Болыстыққа таласып, сырттай арбасып, сырттай жауласып жүрген өзге де үміткерлер дөкейдің құлағына мұны жеткізбей әбілет басты деймісің. Сөз жоқ, сөз жоқ олар алдымен осыны бетке ұстап, осыны көлденең тартады. Бұдан жиырма шақты күн бұрын ақылы алтыға, ойы онға бөлініп жүріп бір тоқтамға келген сияқты болды. Ол ойы — қайткенде де қызды іздетіп тауып алу. Сөйтіп былайғы жұртқа: «Қызымды қаңғытатындай мені пері соғып па, ел ішіндегі қаңқу сөз саябырсысын деп алыс ағайынға жібергенмін» деп жалтарып кету еді. Бұл әрекеттің сайлау кезіндегі жұрт пікірін өзгеруіне қаншалықты әсері барын анық біле бермейді, әйтсе де тап қазіргі кезден гөрі жағдай біршама жеңілдер деген үміті мол-ды. Осы оймен қызды апарып тастаған баяғы екі жігітті тағы шақырып ап, сол төңіректегі ауылға жансыз ғып аттандырды. Ауыл-ауылды аңдып жүріп, екі жігіт ақыры, қыздың дерегін айтып келді. Енді не істеу керек? Осылайша кеудені күдікке, миды сауалға мүжітіп қамсыз жата бере ме, әлде тезірек бір жағына шыққан жөн бе? Сонда қай жағына? Дәулетбай үшін арпалысқан екі ойдың екеуі де азапты боп көрінді. Қызды іздеп бармайын десе осы кезге шейін жасаған әрекетінің бәрі бір бұрамға келмей босқа кетіп, жер боп отырып қалатын сияқты, барайын десе қызының бетін көріп, кешірім сұрауға ары мен ұяты жетпейтіндей. Қызының елден кеткеніне де бір жарым жыл уақыт боп қапты, садақ оғындай зымыраған заман-ай, десеңші. Бәлкім осы уақытқа дейін азап пен қорлықты, жалғыздықты көп тартқан қыз артынан барған әкесінің тілегін жерге тастамас, мұз боп қатқан жүрегі жібіп, бармаймын деп кежегесі кейін тартса да елін еске салған соң қиналса да көніп, тұсаулы аттай жетекке

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61